Спорттық шараны Алматы қаласы әкімдігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және қалалық Волейбол федерациясының қолдауымен «Буревестник-Алматы» спорт клубы ұйымдастырып отыр.
Алаңға Өзбекстан, Қырғызстан және ел аймақтарынан келген 60 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша әуесқой ерлер, әйелдер және аралас 60-тан астам команда жиналды.
Салтанатты рәсімді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма басшысы-ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, бірегей тұлғаны мерейтойымен құттықтады.
Олжас Омарұлының асқақ рухты шығармалары мен мемлекет және қоғам қайраткері ретінде атқарған ерен еңбегіне тоқталып, ақын тұлғасы барша қазақстандықтар үшін жарқын үлгі екенін атап өтті.
Келесі кезекте Ардагерлер кеңесінің генералы Амангелді Құрманәлиев, «Буревестник» СК президенті, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев және КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Заңғар Жаркешевтің жұбайы – Зульфия Жаркешеваға сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Олжас Омарұлының бала кезінен волейбол, гимнастика, бокс және күрестен бірінші разрядқа ие екендігі айтылып, волейболға деген құштарлығын «Буревестник» спорт клубымен тығыз байланыстырылды.
Олжас Сүлейменов өз кезегінде адам баласының ғарышқа тұңғыш ұшуын жырлаған «Адамға табын жер енді» өлеңін шабыттана оқып, барлық азаматтарға жылы лебіздері үшін алғысын жеткізді.
Сондай-ақ жиында Олжас Сүлейменов Қазақстан ұлттық лигасының волейболдан Чемпион кубогын «Буревестник» аға командасына салтанатты түрде табыстады. Ал Қазақстан Жоғары волейбол лигасындағы «Буревестник» жасөспірімдер командасына ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Чемпион кубогын ұсынды.
Ақын құрметіне ұйымдастырылған жоба салауатты өмір салтын насихаттау, бұқара арасында жағажай волейболын дамытуға бағытталды.
Турнир Интернационал Федерациясы (FIVD) бекіткен жағажай волейболының ресми ережелері бойынша 7-10 мамыр аралығына жоспарланған. Жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар алғашқы орын алған екі командаға ҚазҰУ ректорының жеке қаржылай сыйлығы тағайындалып отыр.
Карантин талаптарына сәйкес, шара көрерменсіз ашық алаңда өтуде.Айта кетсек, Олжас Сүлейменов – ҚазҰУ-дың танымал әрі құрметті түлегі. Университетте «Олжас Сүлейменов лингвистикалық ғылыми-зерттеу орталығы» жұмыс істейді. Онда тың ғылыми жобалар табысты жүзеге асырылуда.