ҚазҰУ төріндегі қастерлі Қара Шаңырақ
блог
"Балам, мамандақ таңдау деген жар таңдаумен пара-пар. Мүлт кетуге болмайды. Әйтпесе, өмір бойына бармақ тістеумен боласың!" Үйге кіріп келгенімде егде тартқан әкем мен он сегіздің сегізін әлі толтыра қоймаған ағамның арасындағы әңгіме еді бұл. Қызық! Жар таңдаумен бірдей дейміз. Қаперінде еш нәрсе жоқ менің бала көңілім әкемнің бұл сөздерін әрі қызық, әрі таңсық көріп, ішімнен қайта-қайта қайталап тұрмын. Алайда, үш-төрт қана сөзден құралған бұл тіркес менің алдағы үш-төрт жылдағы өміріме әсер етпей қоймасын алабұртқан жүрегім, әсте, сезетіндей. Мамандақтың түбірін "мама" деп білетін мен енді сол сәттен бастап мамандақтың "анасын" іздеуге қамдана бастадым. Сөйтіп, алдамас жүрегім мені адастырмай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің төрінен орын алған журналистика факультетіне әкеліп, "аялы алақанына" табыстады.
Иә, ҚазҰУ-ды тұңғыш рет көрген сәтімде, мен әлі есі кіре қоймаған бала болатынмын. Сондағы көзімнің алғаш шалғаны- төбесіне қарасаң қалпағың төңкерілер алып ректорат. Жұдырықтай жүрегім діріл қағып тұрса да, алпамсадай арманым алып-ұшып бара жатты. Асылын айтқанда, аңсаған менің бұл армандарымды бала қиялым өрден өрге жүздіріп, белден белге асырып, көңілімді тасытып, жүрегімді бесікше тербейтін де тұратын. Қалауым-журналистиканың нақ өзі.
Білесіздер ме, осы уақытқа дейін менің көзімді тәтті қиялдарым "алақанымен" басып келіпті. Журналистиканы таңдай отырып мен лаулаған өрттің өтіне, тасыған судың тасасына келіп кіргенімді жаңа ұққандаймын. Сол оттың жүрегімді қарып, сол судың көңілімді сүбелендіреріне мен кәміл сенемін. Талай ақынның өлеңіне шабыт болған, талай жазушының шығармасына арқау болған, талай жасқа қолы жетпес арман болған ҚазҰУ-дағы журфакты-қастерлі қара шаңырақты мен қадір тұтамын. Алты алашқа атағы жайылған аңыз адамдар жүріп өткен сара жолмен жүре отырып, алдағы уақытта Отаныма лайықты қызмет ету-менің басты мақсатым. Жалғанның уын ішкендерге әділдік туы, шындыққа шөлдегендерге бұлақтың басы болатыныма сенімдімін. Алаштың ардақты азаматы Ә.Бөкейханов атамыз айтпақшы: "Тірі болсам, халқыма қызмет етпей қоймаймын!"
Мақаланы дайындаған-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1-курс студенті Пірмағамбет Әсем. Жетекшісі- Құрманбаева Алма Әлиқызы