ҚазҰУ студенттері арасында Шахмат турнирі өтті
блог
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Сұңқар»студенттер мен магистранттар кәсіподағының 23 жылдығына орай 23 жаңалық аясында География және табиғатты пайдалану факультеті ұйымдастыруымен 10 сәуір күні «Шахмат» турнирі өтті. Жобаның мақсаты жастардың шахмат ойынына деген қызығушылығын арттырып, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Шахмат ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерік жігерді қалыптастыруға тәрбиелейді.
Турнир ҚазҰУ жастары арасында өткізілді. Қатысуға ниет білдірушілер саны 40-тан асып, 32 студент сайысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ұзақ уақыттық үзіліс, онлайн оқу форматынан кейін алғаш рет оффлайн түрде ұйымдастырылған турнир жоғары деңгейде өтті дейді-,қатысушылар.
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ спорткешенінде өткен сайыс тартысқа толы болып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды. Турнир жеңімпазы атанған Ақпараттық технологиялар факультетінің 1 курс студенті Қонысбаев Шапағат 50 000 тг қаржылай сыйақымен марапатталса, 2 орын иегері Медицина факультетінің 1 курс студенті Шаукен Аружан Бағлан Каукеровадан құны 44 000 тг тұратын ораторлық курс иегері атанды. Ал жүлделі 3 орынды География және табиғатты пайдалану факультетінің 2 курс студенті Төребеков Бекарыс жеңіп, Диана Сүлейменнің түрік тілі курсын қанжығасына байлады.
Оффлайн форматтағы тартысты сайысты сағынған студенттер алдағы уақытта осындай жобалардың көптеп ұйымдастырылатындығына сенім білдірді.