ҚазҰУ әлемдік аренадағы алпауыт жоғары оқу орындарымен тең дәрежедегі білім ордасы. Аталмыш оқу орнын таңдай отырып, кез-келген білім алушы сапалы теориялық біліммен қатар, білікті тәжірибені де қатар алып шығатынына күмәнданбаймыз. Әсіресе, филология факультетінің білім алушыларына жан-жақты білікті мамандар ретінде қалыптасуға зор ықпал жасалған деп ерекше атап өткім келеді. Себебі, филология, компьютерлік лингвистика, шет тілі мұғалімдері мамандарын даярлай отырып, оларға бірнеше тілдерді меңгеріп қана қоймай, ағымдағы белсенді технологиялардың тетігін үйренуге де үлкен мүмкіндіктер бар. Тіпті, алынған білімнің нәтижесінде, қазіргі таңдағы жаңартылған білім беру бағдарламаларын тек мектептерде ғана емес, жоғарғы оқу орнында да жүзеге асыруға болатынына көз жеткізіп отырған сәттер де жоқ емес.
“Шет тілі: екі шет тілі” мамандығында жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жалғастыра отырып, оқудың бастапқы кезеңдерінде білікті ұстаздарымыздың берген білімдері мен бағыт-бағдарының арқасында, магистранттар педагогикалық іс-тәжірибеден өту барысында педагогикалық құзыреттіліктерінің жоғары екендігін көрсетуде. Теория жүзінде магистранттар отандық және шетелдік педагогтардың оқытудағы дидактикалық, әдістемелік және психологиялық тұрғыдағы еңбектерін оқып, үлкен база жинақтаса, әлем бойынша таралатын шеттілдік оқыту әдістемесіндегі заманауи үздік әдіс-тәсілдерді де өз сабақтарында қолданып, жақсы нәтижелерге жетіп отыр. Осы орайда, бакалавриат студенттерінің білімге деген құштарлықтары мен жаңашылдыққа ұмтылыстары сабақтарды әртүрлі жаңа технологияларды қолдана отырып түрлендіруге сеп болып отырғанын жасырмаймыз. Сонымен қатар, жаңа технологиялардың көп болуы, олардың тиімділігін білулері қазіргі қашықтан оқыту жағдайында сабақтардың біртекті болмай, динамикалы өтуіне де көмегін тигізуде.
Магистранттардың педагогикалық тәжірибесі екі кезеңнен тұратынын ескеретін болсақ, алғашқы бөліктегі пассивті тәжірибе ҚазҰУ ұстаздарының жеке тәжірибесіндегі біліктіліктерімен бөлісіп, жоғары оқу орнында педагог болудың қыр-сырын магистранттарға үйретуге бағытталған. Ал, активті тәжірибе магистранттардың жан-жақтан жинақталған білімдерін ұштастырып, өзіндік педагогтік тұлғасын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, ҚазҰУ-да аға буын мен жас буын арасындағы өзара ынтымақтастық негізінде жеке педагогикалық біліктілік мектебін құруға жағдай жасайды деп ойлаймыз. ҚазҰУ-дың берер мүмкіндіктері мұнымен шектеліп қана қоймай, ары қарай да үлкен істерге, жаңа білімдерге жетелейтініне кәміл сенімдіміз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының
“Шет тілі: екі шет тілі” мамандығының 1-курс магистранты Өмірханова Д.О.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушысы Абдуллаева Ф.М.