87 жылдың ішінде Меңтайлар мен Ерболдардың талайы табалдырығын аттаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде 40 000-нан астам білімге құштар студенттер мен магистранттардың және докторанттардың білім мекеніне айналып отыр. Қазақстандағы білім сапасы жағынан нөмірі бірінші орынды иеленген ҚазҰУ, 180-нен астам мамандықтар бойынша мамандар даярлауды жузеге асырып отыр. ҚазҰУ әлемнің 418 халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындарымен келісім шартқа ие бола отырып, өз студенттеріне осы елдерде тағылымнамадан өтуге мүмкіндік береді. ҚазҰУ түлектері қоғам мен саясат ісінен ешқашан тыс қалмаған белсенді жастар. Олардың бірі жуырда ғана «Қазақстандық ең жас депутат» атанған 25 жастағы ҚазҰУ бітірушісі Мәди Ахметов. Ол еліміздегі өзекті мәселелерді, сонымен қатар «тым жас» деген стереотипті жойып, жастарды қолдау мәселесін алға тартады.
Өткен ғасырдың 34-жылынан бері университет қабырғасында жоғары кәсіби деңгейдегі ұстаздар қауымы жұмыс істеп келеді. Ұстаздардың кәсіби және шет тілін білу шеберліктері, тіпті шетел студенттерін де еш қиындықсыз сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚазҰУ Қазақстанның түрлі инновациялық-ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған лабораториялармен жабдықталған заманауи, ғылыми орталығы болып табылады.
ҚазҰУ-да тегін жоғары білімнен бастап, білімді жастарға арналған барлық мүмкіндіктер бар. Еліміздің экономикасын алға жылжытып, Қазақстанды әлемнің «Дамыған 30 елінің» қатарына қосатын жастардың басым бөлігі ҚазҰУ-дан шығатыны сөзсіз. Абайдың «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» өлең шумақтары нақ осы ҚазҰУ-дың жастарына айтылғандай. Оқысаңыз, балалар, ҚазҰУ-дың сізге берер мүмкіндіктері шексіз!
1 курс магистранты Н. Эркинова
Ғылыми жетекші: Л.М. Шайкенова
филология ғылымдарының докторы