ҚазҰУ - мүмкіндіктер мекені
блог
Адамзат баласы осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мынау дүниеде қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да өміріндегі ең бір ұмытылмас кездер универистет қабырғасындағы керемет шақтар. Мен де осы бір керемет кезеңнің табалдырығын аттап, балалық шақпен қоштасып , жаңа бір белеске аяқ бастым. Менің Алатаудай асқақ арманым мені Алматы шаһарына, Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне жетеледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын арманыма айналған білім ордасы, қазіргі кезде шындыққа айналып, сонау ару қалам- Ақтөбеден ат терлетіп, арман қала – Алматыға бас тіреген жайым бар. Мен университеттің есігін айқара ашқан күннен бастап, мені жаңа әлем, жаңа адамдар, жаңа достар күтіп тұрғанын оған қоса мойнымда үлкен жауапкершіліктің барын сезіндім. Өйткені осындай заңғар университеттің студенті атану әркімге бұйыра бермес бақ деп білемін. Ал енді осы басыма қонған бақты аялау әрі қарайғы менің басты міндетім. Әл – Фараби бабамыз өз сөзінде: « Бақытқа жеткізетін еркін әрекет — тамаша әрекет» дегендей, сол тамаша әрекеттің бірі – ол білімге деген құштарлық деп санаймын.
Университетке аяқ тірегелі бері өзімді нағыз телегей теңіз білім ордасына, жалынды жастардың қатарына енгеніме өте қатты қуанамын. Өйткені, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз бен біздің жастарымыздың басты байлығы — сапалы білім екенін өзінің сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Осы сапалы білімнің қара шаңырағы, Қазақстандағы білім беру жүйесінің тірегі, ескінің көзін көрген, 80 жылға жуық бай тарихы жинақталған ұлттық университетте еліміздің түкпір түкпірінен, алыс – жақын шет елдерден келіп, оқып жатқан студенттер жетерлік. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші ,әрі әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемдене білген, Қазақстандағы нөмері бірінші университет сонымен қатар білім мен ғылымның ұлттық көшбасшысы.
Университет қабырғасында жан – жақты, біліктілігі жоғары, қазақтың керемет ақын – жазушыларының алдын көрген, сол ұлы кісілерден дәріс алған отушы-профессорлар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, доценттер қызмет атқарады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университетімізде 14 факультет шоғырланған, олар: механаника-математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультеті. Осы жерде білім алатын барша студенттер үшін жан-жақты даму үшін, көшбасшылық қабілетті қалыптастыру мақсатында, өз-өзін кемелдендіріп, еркін, заманауи дамыту үшін бар жағдай жасалған. Сол бар мүмкіншілікті пйдалана білу, әр студенттің өз қолында. Мәселен, интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай., тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет», компьютерлі- техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет жәлісі , ауқымы кең спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Онымен қоса ең бай кітапхана – Әл- Фараби атындағы кітапхана орналасқан. Қойнауы кітапқа бай, зәулім сарайлы кітапханамызда әр студент өзінің керегіне еш қиындық қол жеткізе алады .
Университеттің ерекшелігі және өзіме қатты ұнағаны – стуженттер үйі де, 14 факультет ғимраттары да, жоғарыда аталған кешендердің барлығы бір қалашықтың ішінде орналасқандығы. Оған қоса барлығы да әр студенттің қауіпсіздігі үшін бейне камералармен жабдықталған. Қалашықтың табиғаты өте тамаша! Айнала қоршалған жасыл желекті ағаштар, хош иісті гүлдер,саф, таза ауасы, ең бастысы шыңы аспенмен таласқан заңғар Алатау орналқан. Сол Алатаудың шыңы әр студентті, жалпы әр адамды биікке жетелейтіндей көрінеді.
Қара шаңырақта қазақтың ғұламалары қызмет атқарған . Олардың қатарында: әлем әдебиетінің классигі, ҚазССР ҒА академигі, Халықаралық Ленин сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов , әйгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Бейсембай Кенжебаев, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Жоғары Мектеп Ғылым Академиясының құрметті академигі , Ш.Айтматов атындағы Халықаралық Қоғамдық Академияның академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, «Парасат» орденінің иегері Тұрсынбек Кәкішұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, этнограф, әйгілі С.Аронұлының шөбересі Сұлтанғали Садырбаев сынды осындай ірі тұлғалардың ізі, рухы бар университетте оқып, білім алған адам рухани, мәдени тұрғыдан байып шығатын адам. Қазіргі таңда білім ордасын да студенттер арасында от жалынды, орақ ауызды ақындар, қаламы ұшқыр жазушыларды да жетерлік.
Бұл менің университетімді асыра мақтағаным емес, бұның барлығы шынайылықпен, махаббатпен жазылған шынайы дүние. Менің осы университетте алған білімім кейінгі болашақтағы орнымды ойып тұрып табуға, биік шыңға жетелейтініне үлкен сеніммен қараймын. Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!», – демекші арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастардың отаны – Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Тортай Шұғыла
Жетекшісі: Шәріпқазы Нұртәліп