Өмірде екі нәрседен қателесуге болмайды деген сөзді көп естиміз. Бірі мамандық таңдау болса, бірі жар таңдау. Сол себепті мамандық таңдауга үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Шынымды айтсам, мен ҚазҰУ-ға өз қалауыммен туспедім. Әпкем «Шығыстану» мамандығына түсуге кеңес берді. Бірақ бұл факультет тек 3 қана университетте бар деді. Біреуі Астана қаласында, ал екеуі Алматы қаласында: ҚазҰУ-да және ҚазХҚжӘТУ. Әлбетте, мен ҚазҰУды тандадым. Бірақ бұл университетке аса құлшынысым болмады.
Мемлекеттік грант байқауының нәтижесі де шықты, грантқа үміт болмады, жинаған баллымның жетпейтінін білдім. Бірақ менің басты мақсатым -грантқа ілігу емес, Алматы қаласына оқуға түсу болды. Грантқа іліге алмағаныма қарамастан, ата-анам арманымды орындап, ақылы түрде Алматы қаласына оқуға түсірді. Сол үшін ата-анама алғысым шексіз!
Енді көптен күткен сәт, Алматы қаласына да келдік, ҚазҰУ қалашығына қарай жол тартып бара жатырмыз. Аялдамадан түскен бойда, алдымда тұрған сол бір көрініске сонша таңырқап , көзіме жас келді. Университетімді соншалықты әдемі, соншалықты керемет болады деп ойламаппын. Солай ҚазҰУ-ды бір көргеннен ұнаттым. Қалашықтың үлкендігі соншалық, бір басқа әлемде жүргендей боласың. Бұл керемет көріністің ар жағындағы биік-биік, аспанмен теңескен тауды айтсаңшы. Осылайша, ҚазҰУ менің жүрегімнен бір орын алды.
Міне, бұл университет қабырғасында білім алып жатқаныма 3 жыл болып қалды. Бейнебір кеше ғана оқуға түскен секілдімін. Әне-міне дегенше университет ұясынан да ұшпақшымын. Осы 3 жыл ішінде, талай қызықтар болды, талай белестерді бағындырдым, білімімді шыңдадым. Өмірімдегі ең жақын адамдарды кездестірдім.
3 жыл бұрын Қытайда білім алуға грант ұтып алғанмын. Бірақ менің арманым -Алматы қаласына оқуға түсу болғандықтан , ол мүмкіндіктен бас тарттым. Бірақ мен мүлдем өкінбеймін. Осы шешімімнің арқасында өмірімдегі ең қызықты сәттер осы университет қабырғасында өтті. Ең жақын дитін достар таптым, шетел азаматтарымен достастым, тіл үйрендім, әртүрлі іс-шараларға, жарыстарға қатысып орындар алдым. Сол себепті, КазҰУ-менің таңдауым және бұл оқу орны мәңгі жадымда қалады.
Шығыстану факультеті
Қытайтану кафедрасы, 3 курс студенті
Куратор: Шарыпқазы Нұртәліп