Осыдан 87 жыл бұрын еліміздің алдыңғы қатарлы университеті ғана емес, әлемдік QS (World University Rankings) рейтінгінде әлемнің үздік 200 Жоғарғы Оқу Орны қатарына енген, қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы қаланған болатын. Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтерге сүйенсек университетте 20 000-ға жуық студент білім алуда. Он бес факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы Қазұу студенттерін білім нәрімен сусындатып келеді.
Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, Д. Баландин атындағы бассейн, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі және жас ғалымдар үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.
Студенттер сарайында өнерлі студенттерге арналған студенттер клубы жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері бүгінде талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады.
Университетімізде дәстүрлі түрде жыл сайын «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, “Мәслихат” студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, Студенттер Кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта білім ордасындағы барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді. Ерекше атап өту керек тағы бір жағдай, аталған жастар биылғы жылы дәстүрге айналған IV Халықаралық студенттер форумын ойдағыдай ұйымдастырды.
Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде “Ғылым әлемі”, “Фараби әлемі”, “Багизбаевские чтения” атты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді.
Бір жыл бұрын осындай керемет білім шаңырағының студенті атандым. Бұрынғы кездері үлкендер «өмірдегі ең қызықты шақтар – студенттік шақтар» десе түсінбейтін едік. Нағыз өмірлік достарды осы жерден таптым. Ұмытылмас кештер мен сәттер осы университетте болды. Өмірдегі ең ыстық сезімдер мен пейілдер, сыйластық пен құрмет – барлығын осы ҚазҰУ-дан алдым. Әрине, мұның барлығы менің университет белсенділерінің, яғни «қаймақтарының» қатарына - “Көмек” қоғамдық қорының қатарына кезімнен басталды.
ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.
Жариялаған: ҚазҰУ, 1-курс магистранты Тоқсейіт Н.О.
Ғылыми жетекшісі: Күзембекова Ж.Ж.