Елбасы өзінің Қазақстан халқына жолдауында кемінде екі университеттің әлемдік жетекші жоғары оқу орындарының рейтингісіне кіруі туралы нақты міндет жүктеген болатын. Бұл міндетті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жіті атқарып, Ресейдегі Тәуелсіз РЕЙТОР агенттігінің және беделді “Таймс” университеттер рейтингісіне енді. Сонымен қатар біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды еліміздің жоғары оқу орындарының Бас рейтингісінде бірінші орынды тұрақты иеленіп келе жатқандығын да мақтанышпен айта аламыз. Бұл жылы да аталмыш университет «Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктің» шығарған рейтингісінде көпсалалы үздік университеттердің көшін бастап бірінші орынға ие болды. Сонымен, аталмыш университет жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің қалың таңдауын иеленіп, қабылдау науқанында да көшбасшылық танытып жүр. Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Бұл – ел дамуының табысты жолын айқындаған маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданған қала. Алма қаласы әрбір адамның жайлы өмір сүруі үшін құрылған. Алматы – жастық жалынның, жаңа инновациялардың қаласы. Оның даму жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың алар орны ерекше, себебі біздің қаламыздың әрбір үшінші студенті осы университетте білім алады.
Өзі армандаған мамандыққа қол жеткізген кешегі талапкер, бүгінгі студенттер мен олардың ата-аналарының жарқыраған жүздерінен зор мақтаныш сезімі сезіліп тұрады.
– Мен биыл Жамбыл облысы, Шу қаласының Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебін тәмамдадым. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті екі шет тілі мамандығында білім алудамын. Менің мамандығым көп кітап оқуды, ізденуді талап етеді. Сол себептен болашақ тіл маманы ретінде әлемдік классиктердің, жазушылардың еңбектерін көп оқимын. Студенттік өмірдің тәтті кезеңдерін бастан өткізіп, оқуға да, қоғамдық өмірге де белсенді түрде қатысып жүрміз. ҚазҰУ менің бала күннен бергі арманым. Мен бүгін өте қуаныштымын. Еліміздегі бірінші университетке түсу үшін мен мектепте үнемі ізденіс пен үздік оқу үстінде болдым. Міне, сол еңбегім бүгін жүзеге асты. Мамандық таңдаудағы арманымның шындыққа айналуына қолдау көрсетіп отырған ҚазҰУ ұжымына шексіз ризашылығымды айтқым келеді. Студенттік жылдарымда Қазақстанның бәсекеге қабілетті маманы болып қалыптасып шығатыныма сенемін. ҚазҰУ-ды таңдау, ҚазҰУ- да оқу барлық жетістіктерге жетелейді.
Автор: Мирханова Айсель Бағдатқызы
Жетекшісі: ҚазҰУ Еуропа тілдер кафедрасының аға оқытушысы Утепова Бақыт Тайжанқызы, Досанова Альбина Маратханқызы жетекшілік етті.