ҚазҰУ-Жарқын болашақ кепілі
блог
XXI ғасырда жақсы өмір сүру -ең алдымен білімді болуды талап етеді. Білімді болу үшін, әрине, бірінші кезекте "инемен құдық қазғандай" еңбектеніп оқу қажет екенін білеміз. Алайда сапасыз алынған білім- жарқын болашаққа кепіл бола алмайды. Қазіргі таңда елімізде көптеген білім беру ошақтары пайда болып жатыр. Солардың ішінде ең үздік білім беру ошағының бірі, әрі бірегейі- әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.
Қара шаңырағымыздың іргетасы 1934 жылы қаланып, 87 жыл бойы жастарды білім нәрімен сусындатып, нағыз білікті мамандарды даярлап келеді. Бүгінгі таңда университетімізде 30000-ға жуық студент білім алып жатыр. 14 факультеттен тұратын университетімізде білім алушыларға барлық жағдай жасалынған. ҚазҰУ қалашығанда Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығы, медициналық орталық, компьютерлік орталық, жатақханалар, Жас ғалымдар үйі, спорт кешені мен стадион, сонымен қатар, мақтанышымызға айналған, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды "әл-Фараби" кітапханасы студенттер игілігі үшін жұмыс жасап келеді.
Университет аясында студенттердің көшбасшылық, ұйымдастырушылық, достық, жанашырлық қасиеттерін дамыту мақсатында көптеген кәсіподақтар жұмыс жасайды. Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін дәстүрлі түрде "Фараби әлемі" атты студенттер мен жас ғалымдардың Халықаралық конференциясы өтеді. Бұл конференция дарынды жастардың көзін ашып қана қоймай, көптеген студенттерге мотивация беріп келеді.
5 жыл бұрын осы керемет мекеннің студенті атану бағы бұйырды. ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰУ-да жүргендігімді өмірімдегі ең үлкен сәттілік деп санаймын.
Автор:
Төрехан Сандуғаш
Уразгалиева С.А басшылығымен