ҚазҰУ – ғылымның қантамыры, Білімнің Хан Тәңірі!

ҚазҰУ – ғылымның қантамыры,  Білімнің Хан Тәңірі!
жеке
блог

Алматы – мәңгі жастықтың қаласы. Ал, ҚазҰУ – жастар қалашығы. Әсіресе, тәуелсіздікпен бірге  ерекше сұлуланып, жаңарып, жайнап сала берген қалашықта бой көтерген бірінен бірі өткен әсем ғимараттар көркіне көрік қосады. Өмірінің ең қызықты кезеңінің куәсі болған, «таң атқанша таласып ұйықтамайтын, арманы мол студенттік шағы өткен» қасиетті мекенге 20 жылдан соң кездесуге оралған  аға – апаларымыз танымастай түлеген қалашықтарын көріп таңдай қақты.   Қала ішіндегі қалашықтан жылма-жыл талай дарын білім алып, талай талант түлеп ұшуда. Жандары жаңашылдықты қалайтын жалынды жастар, сапалы білімді санасына сіңірген сан түрлі студент еліміздегі ең үздік оқу ордасы әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өз болашағын жолға қойып, арман – мақсаттарының орындалуы үшін білім алуда. Олардың алаңсыз білім алуына, спортты сүюіне, өнерін өрістетуіне барлық жағдай жасалған. Әл – Фараби бабамыздың рухымен қуаттанған университет ұжымы осы күнге дейін тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл шет елдерге танылды. ҚазҰУ-дың 80 жылдық өмір жолында қалыптасқан дәстүрлері, ұлы ұстаздарының есімдері мен атқарған істері ұлы шаңырақтың, яғни еліміздегі жасампаз оқу орнының басынан кешкен тарихы ретінде баяндалады. Біздің ҚазҰУ-де қазақтың небір қасқа мен жайсаңдарының рухы бар. Мәселен, бір ғана Ұлы Мұхаң-Мұхтар Әуезовті атасақ... Бір өзі бүкіл бір ұлттың болашағына алаңдап, «Ел боламын десең, қазақ, бесігіңді түзе!» демеді ме? Заңғар тұлғаның қалдырған мәңгілік  ізі мен дәріс берген даусы бүкіл қалашықта өзіндік қуатымен  жаңғырып тұрғандай. Бүгінде ел мақтанышына айналған тұлғалардың көбісі дерлік осы оқу ордасының білімімен сусындап, қанаттанды.Талай профессор, ғалымдардың дәрістерін тыңдап, өз болашақтары үшін өнегелі тәрбие ала білді. Осы еңбегінің арқасында, мыңдаған таланттардың талпынысының нәтижесінде ҚазҰУ – дың дәрежесі жоғары, мәртебесі биік. Алайда, бұл жетістіктер оңайлықпен келмегені анық. Арада өткен 80 жыл ҚазҰУ – дың өсіп – өркендеуі үшін тарихи кезеңге айналды. Осы 80 жылдық тарихында киелі қарашаңырақ қазақ ғылымының барлық саласының дамуына теңдессіз  үлес қосты.

    Иә, 80 жыл! Биыл біз үшін, жалпы ҚазҰУ-лықтар үшін айрықша жыл. Киелі қара шаңырақта үлкен той, үлкен мереке. Осы мерекеге орай қызу дайындықтар жүргізілуде. Түрлі шаралар мен байқаулар тек осы мерейтойға арналмақ. Университетіміздің білікті де білімді, белсенді студенттерінің көмегімен айтулы мерекені жоғары дәрежеде өткіземіз деген сенімдемін. Белсенді студенттерден құралған студенттік өзін – өзі басқару ұйымдары, соның ішінде өзім мүшесі болып саналатын Студенттер Сенаты мерекеге зор үлесін қоспақ. ҚазҰУ- дың 80 жылдығымен тұспа – тұс келген ҚазҰУ Студенттер Сенатының 5 жылдық мерейтойымен де құттықтағым келеді. Достық пен махаббаттан құралған ұйым белсенді жастардың басын біріктіріп, жыл сайын даму үстінде. Сенаторлар, біз бағындырар белестер әлі алда!

 

 

Исатай Аққалыш

Журналистика факультеті