1934 жылы еліміздің ең алдыңғы қатарлы университеті, қарашаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы қаланды. Бүгінгі күні университетімізде еліміздің барлық өңірлерінен ғана емес, әлемнің көптеген елдерінен білім іздеп келген 25 000-ға жуық студент білім алады. Он алты факультеттен тұратын университетте үш мыңға жуық профессор-оқытушылар құрамы студенттерге білім беріп келеді.
Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.
Студенттер сарайында өнерлі студенттерге арналған студенттер клубы жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады.
Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.
Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді. КазҰУ-дың қабырғасында Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ермұхан Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Д.Сокольский тәрізді аса көрнекті ғылым мен мәдениет қайраткерлері дәріс оқыды. Содан бергі заманда ол көптеген ғылыми бағыттар бойынша дамып, жетіліп, халықаралық деңгейге көтерілді .