Жалындаған әрбір жас түлектің жүрегінен ойып тұрып орын алған ҚазҰУ қалашығы қаншалықты ғажайып екенін білесіз бе? Аядай ауылдан алып Алматыға арман қуып келген қаршадай қыздың қадамы қызықты ма? Ендеше, тыңдаңыз.
Автобустан түсе сап, анасымен ілби басып келе жатқан ізетті қызды көз қарықтырар ғажап қалашық ілгері бастырды.
Ол − 1934 жылы негізі қаланған, асқақ Алатаудың бауырындағы алып шаһардың бір бүйірінен орын алған еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар мекені əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Университеттің 14 факультетінде сүйкімді студенттер білім алуда. Мұнда студенттердің тегін сапалы білім алуына, салауаттты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы түрлі қызықты кештерден босамайды. Орта Азиядағы ең үлкен кітапхана – біздің әл−Фараби атындағы кітапхана. Қалашықтың барлық аймағы WI−FI сымсыз желісімен қамтылған. 2016-2017 жылғы балмұздақтарды қалашық өз қақпасымен тағы да таңғалдырды. ҚазҰУ қалашығының қақпасы өз сəнімен көріктендіре түсті. Оған қоса олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жүзу бассейні ашылып, мəртебемізді арттыра түсті. ХХҮІІІ Əлемдік қысқы Универсиаданың алауы жағылып, тарихи сəттің куəгері болдық.
Университет студенттерінің өмірі қызықты әрі әр алуандығымен ерекшеленеді. Әрбір студент өзі қалаған ұйымға кіріп, шалқыған шығармашылық шабыты мен жалындаған жастық шағын пайдалы іске жұмсап, өз ортасын, жаңа таныстар табады.
Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтай ректордың басшылығының арқасында университетіміз жылдан-жылға гүлденіп келеді. Ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, “Парасат” орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медалдарымен, «ҚР Президентінің ерекше белгісі», «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері», «Қазақстан Республикасының құрметті инженері» төсбелгілерімен марапатталған.
Міне, мен білім алып жатқан ертегі-мекен. Армандар орындалады! ҚазҰУ-ға кел, жас түлек!