Мектеппен қоштасып, бала шақтан болашаққа қол созған әр түлектің ең маңызды таңдауы- сүйікті мамандығына баулитын оқу орнын таңдау. Әркім өз мамандығын саналы түрде таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі шешуі тиіс. Себебі, келешекте сол саланы кәдесіне жаратып, игерген мамандығы арқылы өз қажеттілігін өтей алуы басты мақсат. Осы себепті де менің таңдауым әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне тоқтады. Жалпы, ҚазҰУ - жаһан университтері ішінде 165-ші орында. Осы салыстырмалы статистиканың өзі біраз дүниеге дәйекті жауап десем артық айтпағаным.Әлі де тілге тиек ете алмай жатқан ҚазҰУ-дың айтулы жетістіктері жетерлік. Өзге университеттерге қарағанда бір бас жоғары болғандықтан, мен еш ойланбастан еліміздің үздік университеті – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсуге құжаттар тапсырдым. Менің таңдауым төртінші билік саналатын журналистика факультеті болды. Бұл факультетте журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар жоғары кәсіби оқытушылар шәкірттердің телегей білімінің сапалы болуы үшін қызмет етеді. Қараша халық арасында есімдері аңызға айналған даңқты тұлғаларда осы жерден түлеп ұшқан. Атап айтсам, "Қарашаңырақтан" білім алып шыққан қазақтың атақты тұлғалары–Т.Молдағалиев, Қ.Мырза Әлі, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Нұршайықов, Д.Исабеков, О.Сүлейменов т.с.с белді һәм беделді тұлғалар тізбегі ұзын-сонар. Осындай алыптардың жалғасы болатын студенттерді даярлау мақсатында біздің университетте көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Әр студенттің өз білім көкжиегі мен қарым-қабілетін шындай алуы дұрыс жолға қойылған. Қорытындылай келе, 1934 жылы университет ашылған күннен бастап, осы күнге дейін ҚазҰУ Қазақстанның көптеген рейтингтерінде өзінің алғашқы позициясын сақтап келе жатқанын атап өтуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері мемлекетіміздің барлық салаларында, еліміздің өркендеуі үшін көптеген беделді һәм бекті қызметтер де жұмыс істейді. Қазірдің өзіңде елеулі мүмкіндіктер беріп жатқан университетімнің ертеңгі күні жарқын болашағыма жол ашатынына кәміл сенімдімін. Алдағы уақытта аспан асты елінен келген індетті түбегейлі ауыздықтап, университетіміздің білім беру форматы қалыпты деңгейге ауысады деген үміттемін. Студенттік шақты зумдағы көгілдір экранға телміріп емес, ҚазҰУ қабырғасымен қауышып өткіземіз деген ойдамын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еңселі әрі беделді білім ордасы саналатын ҚазҰУ-дың студенті екенімді мақтан тұтамын!
Сайлауғалиев Ерасыл