ҚазҰУ-дың түлегі ҚМУ-дың ұстазы атанды

       Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала екені барлығымызға мәлім. Ал, Журналист болу – мақсаткер, талапшыл әрі бір уақытта тез тіл табысқыш, ықыласты, бауырмал болу деген сөз. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Міне, дәл сондай журналисттер біздің ортамызда да жетерлік. Соның бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, «Хабар» телеарнасының танымал жүргізушісі және Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, жас журналист... Сонымен, әңгіме қай журналист жайлы екенін білгіңіз келсе, сұхбатты басынан аяғына дейін толық оқып шығыңыз.

 

Менің телевидениедегі алғашқы жұмысым тікелей эфирден басталды

 

Сәлеметсіз бе, Қостанайға қош келдіңіз! Ең алдымен өзіңіз жайлы айтсаңыз. Қай жердің тумасысыз?

        - Сәлеметпе, рахмет. Менің толық аты-жөнім Сүндетбаева Сандуғаш Киікбайқызы. Қызылдорда облысында дүниеге келдім. 1996 жылы Жамбыл облысына қоныс аударып, сол жақтағы Қаратау қаласынада мектепті бітірдім. 2006 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне аймақтану мамандығы бойынша оқуға түстім. 2010 жылы дәл осы  мамандығым бойынша, дәл осы оқу орнына магистратураға тапсырдым. Магистратураны бітіргеннен кейін журналистика факультетіне докторантураға оқуға түсіп, тағы да студент атандым. Қазір доктарантураның 3 курсында білім алудамын. Құдай қаласа биыл бітіріп, ғылыми диссертациямды қорғаймын деген жоспарым бар. Өздеріңіз білетіндей Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне оқытушы болып қызметке орналасып жатырмын. Сонымен қатар, мамандығым журналист болғаннан кейін телевидение саласында да жұмыс жасаймын. Дәлірек айтқанда, «Хабар» арнасындағы «Жаңа күн» таңғы ақпараттық бағдарламасының жүргізушісімін.

«Аймақтану » мамандығын бітірген студент «Хабар» телеарнасына қалай келді?

          - Жалпы телевидение саласына қалай келгенімді айтып өтейін. ҚазҰУ-да түрлі іс-шаралар мен концерттерді жүргізіп жүрдім. Бұны телевидениеде істеп жүрген достарымыз байқап, «бізде кастинг болып жатыр» деп шақырған болатын. Бұл 31 арнаның жаңадан ашылғалы жатқан жобасы екен. Сөйтіп бардым, көрдім және өттім. Негізі маған бұрыннан камераның алдында сөйлеген ұнайтын. Ол жақтағы кісілер де соны байқаған болар сөз саптауымды ұнатып, түріңде камераға келеді екен деп кастингтен өткізді. Бағдарламаның аты «Айналайын». Бұл ұжымда  Ұлпан Құрайысова, Нұрсұлтан Құрман, Ақкенже Әлімжан мен бұрынғы «Мұнарлан» тобының Дәулет деген жігіті және менің қасымдағы әріптесім Нұрғиса Әлмұрат жұмыс жасады. Бәріміз сол бағдарламаны кезек-кезек жүргізіп тұрдық. Басты ерекшелік, бұл Тікелей эфирде өткізілетін отыз минуттық бағдарлама болды. Яғни, менің телевидениедегі алғашқы жұмысым тікелей эфирден басталды. Бұл мен үшін өте үлкен мектеп болып еді. Одан кейін барлық өңірлерде көрсетілетін «Матрица» деген бағдарламаны жүргіздім. Әрине кастингтен өттім. Ол төрт жыл көлемінде жүрді. Онда интернет технология, әлеуметтік желілер, түрлі сайттар, блогерлер жайлы көрсетілді. Осы Қостанай қаласындағы «Алау» телеарнасынан да шықты деп естігенмін.  Хабарласып тұратын көрермендері де көп болатын.

         2014 жылы Серік Акишевтің «жаңа күн» бағдарламасын дайындайтын «телемастерская хоус» деген компаниясына жұмысқа келдім. Ол жерде продюсердің көмекшісі ретінде қызмет еттім. Көбіне бағдарламаның ұйымдастыру жұмыстарына көбірек қатысып жүрдім. Бір күні, Жүргізушілік қабілетімді байқаған басшылар «сен де эфирге шық» деп айтты. Әрине келісе кеттім. Содан бері бағдарламаның жүргізушісі ретінде танылып жүрмін.

 

Тікелей эфирде бір нәрсені айттың бітті сол жерде қалады

 

Бірден тікелей эфирде жүргізген қиын болған жоқ па?

         - Әрине қиын болған жоқ. Себебі Запис басып, монтаждап шығаратын бағдарламала ішімді пыстыратын. Онда Толқыныс жоқ және бірнеше рет түсіре беруге болады. Дегенмен ондай бағдарламалардың өз қиындықтары мен үйренетін нәрселері де бар. Ал, тікелей эфирде бір нәрсені айттың бітті сол жерде қалады. Түзету мүмкін емес. Көрермен солай көрді, қабылдады сонымен кетті. Монтажда қате айтқан сөзіңді кесіп тастай беруге болады. Тағы да қайталап айтамын, тікелей эфирге бірден шыққан мүлдем қиын болған жоқ. Өйткені мен телевидениеде істеуге дайын болып келдім десем де болады. Ол кезде жас болсам да, шамамен білдім ғой жұмыстың қандай нәрселерден тұратынын. Сонымен қатар сол жердегі продюсерлер бізді мықты дайындықтан өткізді. Мысалға, эфирге сәуір айында шығатын болсақ, біз оған қаңтардан бастап дайындалатынбыз. Күнде тікелей эфирде отырғандай жүргіземіз, бетімізде макияжға дейін болады. Кәдімгідей сырттан қоңыраулар келіп жатады енді ол өзіміздің әріптестер ғой. Сол кезде құлағымызда тұрған наушниктен айтылып жатқан редакторлардың сөздерін микрофоннан айтып қалмауды бәрін-бәрін дерлік үйрендік. Біздің эфирге шыққанымыздан, шығуға деген дайындығымыз көп болды (күліп).

Әңгімеміздің ат басын өзімізге қарай бұрсақ. Сонау Алматыдан Қостанайға келуіңізге не себеп болды?

        - Біріншіден мен Қостанай қаласының келіні болдым. Екіншіден, доктарантурада оқып жатқандықтан жарты жылдық тәжірибеден өту керек. Университет қарсы болмай керісінше бізге осындай жас мамандар керек деп те айтып жатты. Оның үстіне жолдасымыз екеуміздің жүзеге асыратын бірнеше жоспарымыз бар. Бірақ, ол Ертең жасала қоятын дүние емес. Әзірге қалаға, университетке үйренісіп жатырмыз.

Сол жоспарыңызбен толық бөліскіңіз келмей ме? 

           -Енді жоспармен әзірге бөліскім келмейді. Жүзеге асқан кезде көре жатарсыздар. Міндетті түрде айтамыз, хабарлаймыз. Ол жобалар телевизиялық немесе бизнес жобалары болуы мүмкін...

Бұған Журналистика мамандығында оқып жатқан студенттер ат салыса алады ма?

            -Міндетті түрде. Дәріс оқыған кезде студенттердің потенциялын байқап жүрмін. Кәсіби шеберліктерін көрмесем де, ынталары бар екенін бірден түсіндім. Сондықтан шақыруға болады деп ойлаймын.

Ахаң атындағы қара шаңырағымыздағы алғашқы дәрісіңіз қалай өтті?

             -Бүгін менің әзірге екінші дәрісім болды. Себебі Қостанайдың суығына шыдай алмай ауырып қалдым. Содан бері жұмысқа енді шығып жатырмын. Менің алғашқы дәрісім студенттермен танысу болды. Әр қайсысына мен «журналистикаға қалай келді, қазір бұл жақта оқуды қалай ма, жоқ па» деген сұрақтар қойған болатынмын. Сол арқылы мен олардың журналистикаға деген ынтасын білдім. Әр кім әртүрлі жауап қайтарды. Бірі балы төмен болғасын, енді бірі бала кезінен армандап келген. Жалпы кездейсоқ түсіп қалғандарының өзінің де ынтасы бар екен. Группаластарын көрген сәттен, студияны көріп, журналистиканың не екенін білгеннен кейін осы салада қалғылары келетінін де айтып жатты. Бірақ «журналистиканың нақты қай саласы қызықтырады?» десем, ешқайсысы да жауап бере алмайды. Мүмкін қазір анықтау оңай емес те шығар. Бірақ, сол нәрсені адам неғұрлым тезірек түсінгені дұрыс болады деп ойлаймын. Неғұрлым ертерек түсінсең, діттеген мақсатыңа ертерек жетесің.

Осы оқу орнында, жалпы Қостанай қаласында қалу ойыңызда бар ма?

          Негізі мен сондай оймен келдім. Осында жұмыс істеп, осында қаламын деген мақсат болды. Бірақ, оның бәрі маған байланысты емес. Тұрмыс құрғаннан кейін отбасылық жағдай бар дегендей. Алда да жоспарларымыз бар. Бұл жақта екі-үш жыл бойы боламыз деп те ойлаймыз. Тағы да шетелге барып білімімізді шыңдағымыз келеді. Сондықтан көре жатармыз.

 

Сәтті сұхбат жүргізу үшін сұхбат алушы өзін бастымын деп санамауы керек

 

Журналистке өсу үшін ең алдымен не қажет?

            Ең алдымен кітап оқу керек. Студенттерге де айтып өттім, «сендер телевидениеге барғанда маған сценарист жазып береді, редактор түзеп береді сосын мен соны оқи саламын» деп ойламаңдар дегенімді. Өйткені сен сол айтып тұрған текстты өзің арқылы жеткізудің өзі үлкен сауаттылықты талап етеді. Ал сенің оқыған кітабың дүниетанымыңның кеңдігін көрсетеді. Әр адам өзін дамытумен айналысуы керек деп ойлаймын. Үнемі кітап сенің серігің болсын. Екіншіден, бүкіл ақпараттан хабардар болу керек. Нақты сенің салаңа байланысты әлемде қандай жағдай, Қазақстанда қандай тың жаңалық болып жатыр, оған халық қалай пікір білдіруде осының бәрінен хабардар болып жүру керек.

Үшіншіден, өзіңнің хоризмаң. Өзіңді-өзің тәрбиелеуің. Егер телевидениеде жүрген болсаң, онда сен сырт келбетіңе міндетті түрде күтім жасауың керек. Газетте жүріп, әрдайым сұхбат алатын болсаң, кез келген адаммен ашық болуың керексің. Сәтті сұхбат жүргізу үшін ең бірінші, сұхбат алушы өзін бастымын деп санамауы керек. Керісінше сұхбат алып отырған адамды басты деп есептеген әлде қайда тиімді. Сол адамды ашу үшін ол жайында көп білу де маңызды. Сұрағыңа жауап беріп жатқан кезде бірден сол кісінің көңіл-күйіне еніп, қалай сұрауға болатынын анықтау керек. Бұл басты қағида.

        Берілген тапсырмаға бей-жай қарап, уақыты көптей көрініп жүру барлық студенттерге тән қасиет сияқты. Бірақ, журналистикаға сол журналистиканың барлық қыр-сырын меңгеремін деп келу керек деп ойлаймын. Қызығушылығы болса, онды одан әрі дамыту қажет. Студенттерге ең бірінші айтатыным, өздерің ізденіңдер! Кез-келген мүмкіндікті жібермей, дұрыс пайдалана біліңдер. Нақты не нәрсеге қол жеткізгің келетінін білсең ғана, тура сол нәрсеге ертерек жетесің.

 

Достар, бұл бүгін алынған сұхбат. Сіздермен бөліскім келді. Оқығандарыңыз үшін алғысым шексіз.



Бөлісу: