ҚазҰУ-дың тарих факультеті мен мектептің әріптестігі

ҚазҰУ-дың тарих факультеті мен мектептің әріптестігі
жеке
блог

Мектеп бітірушілеріне болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру маңызды істердің бірі. Осы бағытта 2023 жылдың 9 ақпан күні «Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы "№181 жалпы білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізу мақсатында 10-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді.

Кездесуге кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, мектеп әкімшілігі мен ұстаздары да қатысты. Мектеп директоры Сатаева Жеңіскүл Иманғалиқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген профессор-оқытушылар құрамын оқушыларға таныстырды. Келген қонақтар жай ғана оқытушылар емес, өздері білім алып жатқан кітаптың авторлары екенін ерекше атап өтті.

Аталмыш кафедраның меңгерушісі т.ғ.к., профессор Мырзабекова Рыскелді Саламатқызы жоғары сынып оқушыларын білім беру бағдарламалары туралы ақпаратпен таныстырып, болашақта қандай мамандық иесі болатыны туралы бағыт-бағдар берді. Кезекті сөз алған т.ғ.д., профессор Төлебаев Тұрғанжан Әбеуұлы «Тарих» пен «Архивтану» мамандықтарының ерекшеліктеріне тоқталып, аталмыш мамандықтың болашағы зор екенін, мамандықтың ауқымы кең екендігіне, көптеген салалаларда, мекемелерде қызмет атқаруға болатынына тоқталды. Т.ғ.к., доцент Алпысбаева Нұрзипа Көмешбайқызы кафедрадағы білім беру бағдарламасының ерекшеліктері, оқу бағдарламасы туралы мәселелер қозғады.

Кафедраның білікті ұстаздарының бірі т.ғ.к., доцент Құнапина Қайыркен Құдайбергенқызы кафедрадан білім алған студенттер қазіргі таңда жоғары дәрежедегі қызметте жүргендерін, ұсынылып отырған білім беру бағдарламалары болашақта да маңызын жоймайтынын атап көрсетті. Кездесу барысында мектеп оқушыларынан болашақ мамандық таңдау сұрақтары, аталған білім беру бағдарламалары туралы сұрақтар талқыланды.

Іс-шара барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.Сонымен қатар  "№181 жалпы білім беретін мектеп" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасының ұйымдастырумен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тарих» факультетінің тарихшы студенттеріне арналған Әдістемелік кабинетінің тұсаукесері болып өтті.

Жаңа кабинеттің лентасын қию құрметі Тарих факультетінің деканы т.ғ.д., профессор Байгунаков Досбол Сүлейменұлы мен т.ғ.д., профессор Төлебаев Тұрғанжан Әбеуұлына ұсынылды. Одан бөлек Мырзабекова Р.С., Құнапина Қ.Қ., Алпысбаева Н.К.,, т.ғ.к., Мийманбаева Ф.Н., Қартабаева Е.Т.және Оразаев Е.Т. қатысты. Факультет деканы мен «Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамын мектеп әкімшілігі әдістемелік кабинетпен таныстырды. Алғашқы сөзді факультет деканы Д.С. Байгунаков алып, өзінің құттықтауын арнады. Мектеп директоры Ж.И. Сатаева әдістемелік кабинет факультет пен жұмыс берушінің арасындағы байланысты нығайтуға негіз болатынын айтты. Тарих факультетінің магистранттары да іс-шараға белсене қатысты.

Төлебаев Т.
Рақымжан Н.