ҚазҰУ-дың кеші
блог
ҚазҰУ-дың кеші.
Себелеп жауын жауады,
Тамшыға тамған еркісіз көңіл ауады.
Малынып суға жаңбырдан ләззат тапқандай,
Желінін көктің ғашықтар тарта сауады.
Екеуі де үнсіз сөйлейді тынбай тамшылар,
Тәңірден түскен тамшы да шіркін ән шығар!
Алатау жатыр бусанған жерге тамсанып,
Ақ басы мәңгі ақ көрпе жауған, қоншы қар.
Еріні қыздың дірілдеп әлсін үн қатты,
Ерінің ерні тигенде айлы түн батты.
Мәрмәрдан соққан сом мүсін анау Фараби,
Түн болса осы ғашықтар жырын тыңдапты.
Жүзіне -жүзі, жанарға-жанар түйісіп,
Сезімнің сен де шарабын қалмай құй ішіп!
Қос ғашықпенен қосылып әлем тұр әне,
Көкпенен жер де, тамшы мен тамшы сүйісіп!
Бұрымын өріп өсірген қыздың ауылы,
Тектіден туып тебіндеп өскен тау ұлы.
Түйіскен құшақ, екеуін қосқан махаббат,
ҚазҰУ-дың кеші, Тәңірдің жауған жауыны.
Екеуі кетті біріне-бірі сүйініп,
Қара бөлт көшіп, қара аспан кетті сейіліп.
Жаңбырдан қалған жауының суын көтермей,
Сәлемін салып ақ гүлдер қалды иіліп.
08.04.2015