ҚазҰУ-дың жалындаған жастар мерекесі

       «1-курс таланттары» көркемөнерпаздар байқауы – жігер оты жалындаған студент-жастарды әсерлі ән, көк нөсер күй, күмбірлеген домбыра, мың бұралған би әлемімен қауыштыратын жарқын мереке! Эстрадалық, классикалық, дәстүрлі әндер, халықтық және қазіргі заманауи би, жас ақындар сайысы, сондай-ақ домбыра, қобыз, пианино, гитара сияқты түрлі музыкалық аспаптарда ойнау, жүргізушілік пен актерлік шеберлік номинациялары бойынша бақ сынасқан «1-курс Таланттары» байқауының іріктеу кезеңіне 3000-нан аса өнерлі жастар қатысты. Олардың ішінен 102-ге жуық оза шапқан 1-курс студенттері аталмыш Гала-концертте өз өнерлерін көрсетіп,  көпшілік қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

     «1-курс Таланттары» көркемөнерпаздар байқауының жеңімпаздарын АРТ орталығының директоры Ж. Сартбай, ҚР мәдениет қайраткері, студенттік «Бахыт» шоу-балетінің көркемдік жетекшісі Г. Есмұханбетова, Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Ж. Есімова дипломдармен марапаттады.

     «1-курс Таланттары-2018» Гала-концерті өз ерекшелігімен есте қалды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқау 3 бөлімнен тұрды. Оның алғашқысы – «Дәстүрлі бөлім» болса, екіншісі – «Классикалық бөлім», ал үшіншісі «Заманауи бөлім» болып жалғасты. Әр бөлімді «Үздік жүргізуші» номинациясын иеленген студенттер бастап, өнерпаздарды ортаға шақырып отырды. «Дәстүрлі бөлімде» жас ақындар өз өлеңдерін оқып, күміс көмей әншілер дәстүрлі әндер орындады. Ал, мың бұралған бишілер қазақ халқының, өзге халықтардың ұлттық билерін билеп, көрермен көзайымына айналды. «Классикалық бөлімде» Классикалық би мен Модерн биі көптің көңілінен шықты. Соңғы «Заманауи бөлім» Гала концерттің қорытынды шоуына айналып жиналған жастарды керемет бір әсерде қалдырды.

       Гала-концертте өнер көрсеткен барлық студенттер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе физика-техникалық факультетінің студенті Нұриддин Мұхтарханның баянмен орындаған «Под небом Парижа» атты керемет туындысы көпшілік қауымды бір сәтке болса да Парижге апарғандай болды. Ал журналистика факультетінің студенті Жамбыл Дүйсеновтің «ҚазҰУ-ыма арнау» атты шығармасы ұлттық университеттің талай таланттарды тәрбиелеп шығарғанын тағы да еске түсірді. Шынында да тарихымызда алтын әріптермен жазылып, есімдері баршамыздың санамызда жатталып қалған дара да дана тұлғаларды баптап ұшырған қарашаңырақта білім алу жас ұрпаққа керемет мүмкіндік екені ақиқат. ҚР мәдениет қайраткері, студенттік «Бахыт» шоу-балетінің көркемдік жетекшісі Галина Есмұханбетованың мың бұралған шәкірттері де Гала-концертті әртүрлі билермен көркемдеп, би өнерінің асқан сұлулығы мен шеберлігін танытты.                             Биылғы «1-курс таланттары» Гала-концертінде ерекше есте сақталып, жиналған үлкен-кішінің көңілінен шығып, барша қауымды әзілге қарық қылған суырып-салма ақындарымыз тарих, археология және этнология факультетінің 1-курс студенті Мұхамед-Қанапия мен журналистика факультетінің студенті Нұрбол Жауынбаев бір-бірінен қалыспай керемет айтыс өнерін сыйлады.

      Жалынды да жігерлі жастар бүгінгі қоғамымыздың айнасы, еліміздің ертеңі. Елбасы Н. Назарбаевтың келер жылды жастар жылына арнауы бекер емес. Демек, қазақ жастарының алдағы уақытта бұдан да қарқынды дамып, талай шыңды, ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің биігін бағындыруға үлкен мүмкіндіктердің ашыла түсері анық. Қазақстанның гүлденуі, ол біріншіден салауатты әрі саналы жастардың көбеюі. Ендеше жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан ҚазҰУ студенттері де елінің беделін асыратын айбарлы  болып қалыптасатынына сенеміз.



Бөлісу: