ҚазҰУ-ды таңдауға 3 себеп

ҚазҰУ-ды таңдауға 3 себеп
жеке
блог

Орта білімді игеріп, мектепті тәмамдағаннан кейін, әрбір жас түлектің алдында жоғарғы оқу орынын таңдау мәселесі тұрады. Бұл мамандық қарастырудан кейінгі маңызы мол шешуші қадам болып табылады. Сол себепті оқу орнын қарастырғанда оны толықтай зерттеу қажет.

Мен оқу орнын таңдау барысында тек ішкі түйсігіме сендім. Менің кішкентай кезімнен бергі білетін университетім- ҚазҰУ болды. Оны алғаш әдебиет кітабындағы кей жазушылардың өмірбаянынан кездестірген болатынмын. Сол кезде мен де сол оқу орнында білім алсам ғой деп армандаушы едім. Енді міне, сол арманыма қол жеткізіп, ҚазҰУ-ның студенті атанып отырмын.

Қазақ Ұлттық университетінің табалдырығын алғаш рет аттағанымда, оның кеңдігіне қайран қалдым. ҚазҰУ қалашығы деп бекер айтылмағанын сонда түсіндім. Ол кезде шеті мен қыры жоқ секілді көрінді. Әрбір жерін аралап көргім келді. Сонда көзіме ілінген бірінші нәрсе – ағаштар көлеңкесіндегі көгал болды. Көгал үстінде сая құрып, топтағы құрбы-құрдастармен бірге сабақ оқып отырған студенттерді көрдім. Осы көріністің өзі сол жерге отыра кетіп, солармен бірге оқуға ынталандырып жіберді. Ары қарай жүре берсеңіз, үлкен кітапхана шығады. Ол кітапхананың кеңдігін, әдемілігін, қолайлылығын айтып жеткізу қиын. Оны тек көру керек.Ішінде студенттің оқуына барлық жағдай жасалған. Осындай кітапханасы бар студенттер қалай жақсы оқымасын? Бұл ҚазҰУ-ның неге алдыңғы қатарлы екеніне жауап десем артық болмас. Бірінші себеп – ҚазҰУ-да жүріп, сабақ оқымау мүмкін емес

Екінші себеп – оқытушы ұстаздардың білімділігі мен тәжірибелерінің молдылығы. 3 жыл бойғы оқу барысында мен өз сабағына салғырт қарайтын мұғалімді кездестіріп көрмедім. Барлығы дерлік мықты педагог мамандары. Сабақ жүргізілуі, сабақ қабылдауы және студенттермен жұмыс істеуі өте профессионалды. Үздік университеттер қатарына кіретіні жайдан жай еместігі осыдан байқалады. Алып жүрген біліміммен толық қанағаттана аламын деп айта аламын.

Ал үшінші себепті мен тікелей университетке емес, өз факультетіме яғни шығыстану факультетіне арнамақпын. Біздің факультет қалашықтың өзінде емес, біршама алыс орналасқан. Дегенмен, шығыстану факультеті өзі бір алдына үлкен әлем. Факультет ғимаратының әрбір қабаты әр түрлі тілдердің кафедралары. Сол үшін де бір қабаттан ең үстінгісіне көтерілгенше алуан түрлі мәдениеттерді көріп шығуға болады. Мысалы, бесінші қабатта тап болар болсаңыз, корей мұғалімдерінің корейше иіліп сәлем бергенін көріп таң қалмаңыз. Өйткені бізде осындай шығыс мәдениеті тоғысқан орда.

Дегенмен арасындағы ең жақыны – ол, әрине, мен оқитын қытай кафедрасы. Біздің кафедраның атмосферасы, оның оқытушылары мен оқушылары да тым бөлек. Бір байқағаным, қай тілді зерттесең, бірте-бірте сол тілде сөйлейтін халыққа ұқсап кетеді екенсің. Қытай тілі мұғалімдері мен студенттері қытай халқы сияқты байыппен мәнерлеп, өлеңдетіп сөйлейді. Қиын тілді меңгергендіктен сабырлық пен еңбекқорлықта бойларынан байқауға болады. Бұл кафедраның жақсы жақтарының тек шеті қана. Одан бөлек ұстаздардың тіл меңгерген дәрежесі, Қытай елінің озық университетінде тегін оқу сындылары жетіп артылады. Және қорытындыға шығыстану факультетінде бір ғана емес, бірнеше елдің мәдениетін бойға сіңіріп, жан-жақты дамыған адам болып шығуға болатынын айтқым келеді.

Міне, осылайша сіздер 3 себеппен таныс болдыңыздар. Егер сіз білімді де білікті, озық мәдениетті маман иесі болғыңыз келсе, онда сізге ҚазҰУ отбасысына қосылуға шақырамын.