ҚазҰУ - білім алуға зор мүмкіндіктер мекені
блог
Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық - дейді Хәкім Абай.
Адамға ақыл мен ғылым керектігін ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен екен ұлы ойшыл. Бас ақынымыз қайтқалы бері де 120 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде қыран ұшса қанаты, тұлпар шапса тұяғы талатын ұлан-ғайыр қазақ жері бүгінде алпауыт елдермен иық тіресіп, терезесі тең, керегесі кең елге айналып отыр. Оның бір дәлелі - ғылымның дамуы. Ғылымның дамуы - бірегей білім ордалары мен жоғары білімді оқытушылардың қоспасы десек те болады.
Оған мысал, еліміздегі ғылым мен инновация орталығы ретінде танылған Қазақ Ұлттық Университеті.
1934 жылы алғаш рет негізі қаланған С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті, бүгінде шығыстың дана ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидың атында.
Мектепте әдебиетті бір кісідей сүйіп оқыдым. Сонда, өз бетімше қазақ жазушыларының кітаптарымен танысып, филолог болуды армандадым. Солай Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романын парақтадым. Шығарманы оқымаған қазақ болса да, шығарма атауын естігенде елең етпеген қазақ жоқ шығар, сірә. Кейіпкерлердің ықпалы ма, әлде оқиғаның университет қабырғаларында орын алғаны ма, белгісіз. Бірақ, көрінбейтін тартылыс күші мені Алматыға шақырды да, тұрды…
Ал қазір, мен осы білім ордасының 2-курс студентімін. Бүгінде университет 16 факультет бойынша түрлі мамандық иелерін дайындайды. Бұл өз кезегінде, университет түлектеріне сұранысты арттырып қана қоймай, Қазақстандағы үздік және Орталық Азия мен Әлемдегі ең озық 200 білім үйінің қатарына енген. Бітіруші түлектер арасында қазақ жазушылар одағының мүшелері мен белгілі ҚР еңбек еткен қайраткерлер бар. З.Қабдолов, О.Сүлейменов, Ә.Нұршайықов, Қ.М.Әли, Т.Молдағалиев және т.б. қалам иелері қазақ тіл бөлімінің шәкірттері болған.
21 ғасыр талабына сай университет жеке корпустарға бөлініп, барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. Студенттерге арналған әскери кафедра мен толық жиһаздалған жатақхана бар. Қара шаңырағымыз жеке қалашық ретінде қаланың орталығында орналасқан. Қалашығымызда Әл-Фараби атындағы кітапхана, жеке ботаникалық бақ және студенттерге қызмет көрсететін орталыққа дейін ашылған. Білім алушының ешқандай қиындықсыз оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жолда, таңдаулы оқытушылар да өз білімін ортаға тастап, осы күнге дейін 145 мыңға жуық студентті ұядан ұшырды. Қорытындылай келе, Әл-Фарабидың мына сөзін қалдыруды жөн көрдім. «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт». Ғылым мұхитында кемеміздің желкені қиылмай, әлем бағындыра берейік!