Қазтамақ - жедел жәрдем...
блог
Көпшіліктің сүйікті гүліне айналған қазтамақ - pelargonium тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Отаны -Оңтүстік Африка. Алғашқы кезде қазтамақ гүлі өзінің сұлулығымен тек байлардың аулаларында, биік үйлердің алдында өсірілетін «ақсүйектер гүліне» айналған. Содан да болар, гүлдің сұрыптары да ақсүйектердің ұғымына сай «Кароль Эдуард VII», «Кароль Альберт», «Эмиль Лемуан» сияқты атақтылардың құрметіне аталған. Ал, XIX ғасырдан бастап қазтамақ гүлі әлемге таралған.
Қазірде қазтамақтың 200-ге жуық түрі белгілі. Көптеген гүлпаздар қазтамақты әдемі гүлі үшін ғана емес, хош иісті жапырақтары, сондай-ақ шипалық қасиеті үшін де өсіреді. Гүлдері қызыл, көкшіл, күлгін, ақ түсті ал, жапырақтары ашық жасыл, сары, көгілдір т.б. түсті болып келеді.
1929 жылы Батыс Грузияда алғаш рет қазтамақ мәдени гүл ретінде енгізілген. Бүгінгі таңда Арменияда, Абхазияда, Тәжікстанда мыңдаған гектар алқапқа егілген қазтамақтың гүлінен сапасы жоғары «геранин» атты эфир майы алынып отыр.
Қазтамақтың күтімі
Қазтамақ тез өсетін, оңай көбейтілетін, күтімі жеңіл гүлдерге жатады. Өсімдіктің күтімі дұрыс болса, араға аз уақыт салып демалып, үздіксіз гүлдей береді. Мамыр айында аулаға шығарып, гүлзарларға егіп қоюға болады. Күзде қайтадан қазып алып, түбекке отырғызып үйге кіргізеді. Қараша айында жапырағы сарғайып, түсе бастағанда, сабағын тамырдан жоғары 10-15см –дей биіктікте кесіп тастау қажет.
Қазтамақты жаз айларында жиі, ал қыста бірқалыпты суғарған дұрыс. Аталмыш гүл шамалы суыққа шыдағанымен, негізінен жылу мен жарықты жақсы көреді. Көптеген қазтамақ жарықта ерекше гүлдейді. Өсімдік жиі тыңайтқанды қажет етпейді. Сондықтан, өсімдікті ерте көктемде және жаз айларында айына бір рет тыңайтып тұрса жеткілікті.
Қазтамақ гүлі ұзақ гүлдейтін бөлме гүлдерінің бірі. Десек те, кез келген гүлді бір уақыт демалдырған дұрыс. Себебі, демалыс алған гүл келер жылы молынан гүлдейді, әрі жақсы өседі. Сол үшінде желтоқсан айының екінші жартысында қазтамақ гүлін қырқып, демалыс берген дұрыс. Ол үшін:
- топырақтан биік 15 см сабақ қалдырып, қалған бұтағын қырқып алыңыз.
- көлеңке, ауа температурасы жоғары бөлмеге қойыңыз.
Екі айдан соң, яғни ақпанның 15-нен бастап, өсімдікті суғарып, қураған жапырағын кесіп, тыңайтып алып, жарық мол түсетін жерге қойғаныңыз абзал. Егер, түбегі кіші болса, үлкенірегіне ауыстырып қойғаныңыз жөн. Сонда, демалыс алған қазтамақ қайта жанданып, көркейіп өсуін қайта бастайды. Көктемде өсімдіктің жаңа өскіндерін кесіп алып, сабағын қалемшелеу арқылы көбейтуге болады.
Ескерту! Қыста бөлме гүлдеріне молынан су бүркіп тұру қажет. Себебі, үйге қосылған жылудың әсерінен үйдің ауасы құрғайды. Бұл жағдай өсімдігіңізге кері әсерін тигізіп, ылғал сүйгіш гүліңіздің жапырағына зақым келіп, қурап қалуы мүмкін.
Қазтамақтың емдік қасиеті
Қазтамақ илік заттарға бай, оның гүлінің құрамында және сабағында танин, каротин, кальций, бояғыш заттар,аминқышқылдары, дәрумендер мен антибиотиктер бар.
Халық медицинасында қазтамақтың тұнбасын ішу арқылы асқазан, ішек, және көз ауруларын емдеуге болады. Сонымен қатар, бүйрекке тас байланғанда, тамақ пен ауыз қуысы қабынғанда, сыртқы жараларға, тұмауға, бас ауруына, жөтелге және ревматизмге қарсы қолданылады. Қазтамақтың гүлінің де, жапырағының да, сабағы мен тамырының да шипалық қасиеті мол.
Қазтамақты косметологияда да қолданады. Өсімдіктің 200 грамм ұсақталған жапырағы мен гүлінің шырынын сығып, қақпағы бар ыдысқа құйып, тоңазытқышқа қояды. Дайын болған мұзды таңертең бетке уқалап жағады. Ол беттің қан алмасуын жақсартып, өңін кіргізіп, теріні жақсартуға көмектеседі.
Қызықты деректер
Қазтамақ бөлмедегі ауаны стафилакокк, стрептококк бактерияларынан тазалайды. Оны тексеру үшін ғалымдар стафилакокк бактериясының 1-2 тамшысын қазтамақтың жапырағына тамызғанда, үш сағатта бактериялар өліп қалған. Сонымен қатар, шыбын-шіркейлер қазтамақ бар жерден қашады.
Қазтамақ тұрған бөлмеде ұрыс-керіс болмайды-мыс.
Дәрі-дәрмекті пайдаланғанша, үйіңізге қазтамақ егіп, емделіңіз және әдеміліктің ортасында өмір сүріңіз!
НАЗИРА Бурханова