Қазіргі заманда шынайы достық бар ма?

    «Досым, саған сенемін, сеніп өтем,

      Жолы бөтен демеймін,

      Жөні бөтен....»,-дейді ақын М.Мақатаев. Шын мәнінде, достық атты ұғым адам өміріне де, қоғам өміріне де қажетті руханият болып табылады. Алайда, «қазіргі таңда шынайы достық бар ма?» деген сауал екінің бірін толғандырып отырған жайы бар. Менің ойымша, достық, достастық сезімдері бүгінге дейін тұғырынан құлаған емес.

   Ежелде екі достың бірі ұлды, бірі қызды болып жатса, екеуі туылған нәрестелерді атастырып, бел құда болуға ұмтылған екен. Міне, осылайша достықтың соңын туысқандықпен жалғастырып, арадағы байланысты жақындата түскенді жөн көрген болар. Дәл бүгінгі күні де достық қарым-қатынас, сыйластық сары майдай сақталған десем, артық айтқаным емес. Себебі, достық – махаббат сезімінің бір тармағы болғандықтан, бұл күнде әр адам осындай махаббатқа ынтызар болып, достық шырақтары көптеп жағылатындай.

   Бір күні Асан мен Үсен атты екі жан дос сөзге келіп, ренжісіп қалған екен. Асан Үсеннен екі жасқа үлкен. Екеуінің үйлерінің ортасын бір көпір бөліп тұрған-ды. Бір-біріне деген достастықтарының адалдығы соншалық, бірін-бірі көрмей жүруге шыдай алмай, Асан Үсеннің үйіне барып, алғаш болып кешірім сұрапты. Сонда Асан Үсеннен:

-         Неге бірінші болып кешірім сұрамадың, жасың кіші ғой,- дей бергенде:

-         Абзалы, кім алғаш болып кешірім сұраса, сол мол сауапқа кенеледі екен. Мен осыншама сауапты өзіме қимай, сенің иеленгеніңді

қаладым,- деп тіл қатыпты. Дәл осы әңгімеден түйген ойым: достық - ұлы сезім, бауырмалдықтың бөлшегі.   Осындай достықты біздің уақытта жоқ деп айтқаным – шектен шыққандық болар. Себебі, менің өзім шынайы да адал, пейілдері ақ, көңілдері қазақтың даласындай дархан, жүректері ізгілікке толы адал жандардың достық көмектеріне қанып, жүрек түкпірлеріндегі мейірімдеріне шомып, адалдықтарын, адамдықтарын сезініп жүрген, «Достық» ұғымының расымен де қадір-қасиетін түсініп жүрген жанмын. Сондықтан да, қазіргі заманда шынайы достықты жоқ дегенім – жанымдағы жайсаң жандарға жасаған қиянатым болар еді.

     «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды»,- дейді дана халқымыз. Асылында, достың азды-көптігі маңызды емес, тек шынайылығы, адалдығы болса – болғаны. Мұңайғанда мұңыңды шағар, қуанғанда қуанышыңмен бөлісер, қиналғанда қол ұшын беріп, көмегін көрсетер, аманатыңа қиянат жасамас сенімді серік,  сырыңды шертіп, сенім артуға тұрарлық жан, құлағанда – тірегің, сүрінгенде – сүйеуің бола білетін, өміріңде бүкіл бір отбасыңдай маңызға ие дара жан болатын болса, ол – досың.  Талайлаған ақын-жазушылардың қаламының қауқарын тербеткен «Достық» ұғымын қастерлеп, құрметтеу – парызымыз!



Бөлісу: