Тарих қойнауы 20 ғасырдың соңғы 10 жылын көптеген шиелініскен әрі күрделі мәселелерменаяқтады. Жаңа ғасырдың жаңа жылы да жаһандық проблемалармен жалғасты. Жаһандық жылыну, дүниежүзілік мұхит суының ластануы, ғарышты бейбіт мақсатта игеру, энергетика және шикізат, азық-түлік проблемалары, дамушы мемлекеттерді дамыған елдің қатарына қосу, жер шарындағы бейбітшіліктің сақталып, достық қарым-қатынас орнату мәселелері қазіргі күнге дейін әлем елдері арасында өзектілігін жоймай, кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
Адамзат тарихында ғаламдық проблемамен қатар, әрбір этностың өзіндік мәселелері сол ұлттың дамуымен бірге көрініп келеді. Халқымыз Тәуелсіздік алғалы алдына жаңа мақсат қойып, дамыған елдердің қатарынан көрініп, жаңа деңгейге көтерілді. Артта қалушылылықтан арылып, халықтың өзін-өзін басқаруы, теңдігі артып, еркін әрі жан-жақты дамуына жағдай туды. Алайда, жаңару мен жасарудың артында келелі мәселе ілесіп келді.
Қазіргі таңда халқымызды толғандырған негізгі мәселе – тіл мәселесі. Себебі, тәуелсіздік тұғыры – тіл. «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Ұлттың ұлт болып қалыптасуы және ерекшеленуіүшін өз тілінің болуы қандай қажет болса, ұлттың ұлттылығының сақталуы үшін сондай қажет. Тіл – ұлттың айнасы, жаны. Тіл – ұлттың тірегі.Мемлекеттік мәртебеге ие тіліміздің тазалығы бүгінде ұлттық руханиятымыздың күрделі мәселесі болып отыр.
Еліміздегі әр түрлі себептерге байланысты қалыптасқан тілдік ахуал, орыс тілінің туған тілімізден үстемдігі, тіл мәртебесін көтеру мәселесі ел азаматтарының барлығы дерлік көтеріп жүрген түйткілді жайт. Үш тұғырлы тіл саясатын ұстанған Қазақстанның тілдік әлемінде қазақ тілі мен орыс тілінің қолданылу аясы кең болып, ағылшын тілін қолдану енді ғана дамып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданылуы тиісті өңірдің географиялық орналасуы мен этникалық құрамына байланысты да болады. Осы және басқа да себептерден болса керек, бабадан қалған ұлт тіліміз ана тілімізге сызат түсті.
Соңғы жылдары тіл саясаты мәселелеріне жіті көңіл бөліп, тілдерді қолдану мен дамытудың бағдарламалары қабылданып, ел көлемінде атқарылатын жұмыстар нақтыланды. Еліміздің әр азаматы ана тілінде таза сөйлеп, жазып, өмірде қолданып, құрметпен қараса, өзгеге де үлгі болары анық. Ол үшін тіл саясаты дұрыс жүргізіліп, қажеттілік туындату керек.Мемлекеттік қызметкер мен қарапайым жұмысшыға дейін бүкіл халық болып,мемлекеттің тілдің мәртебесін көтеруге атсалысса, рухани құндылығымыздың бастауы, қайнар бұлағымыз өз деңгейінде көрінеді деп ойлаймыз.
Қазіргі күнгі ұлтымыз үшін өзекті мәселенің бірі – ел экономикасы мен әлеуметтік мәселелері, оның ішінде жұмыссыздықтың белең алуы.Еңбекке қабілетті ел тұрғындарының басым бөлігінің жұмыс іздеп сабылуы мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік ахуалының төмендігін көрсетеді. Кәсіп таба алмай дағдарған халықтың кейбір бөлігінің әл-ауқаты нашарлап кетті. Еңбекке жарамды тұрғын жұмыспен қамтылмағандықтан, халықтың өмір сүру сапасы төмендейді, денсаулығына да кері әсер етеді, қылмыс көбейіп, туу көрсеткіші азаяды, кедейшілік деңгейі артады.
Елімізде жұмыссыздықпен күресу үшін көптеген бағдарламалар әзірленді. Жұмыссыздық мәселесі көбінесе жастардың әл-ауқатына ерекше әсер ететіні белгілі. Жастар – мемлекеттің негізгі күші, болашақтың тұтқасы. Сондықтан, жастар арасындағы мәселелердің алдын алу және шешу жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, заңнамалық тұрғыда қарап, жастарды жұмыспен қамту шараларын күшейту керек.
Бүгінгі уақыттағы толғандыратын мәселелердің енді бірі болашақтың негізі – жастардың әлеуметтік сипаттағы мәселелері. Кез келген тұрғын үшін баспана алу оңайға түспесі анық.Әсіресе, кәсібін жаңа бастаған не оқуды жаңа аяқтаған жастар үшін қиынға түседі. Осы тұрғыда мемлекетімізде бірнеше жобалар даярланып, халық сұранысын өтеу жолында қызмет атқарып келеді. Америка, Германия сияқты дамыған елдерде жұмыспен қамтылған жастар жалақысынан жинаса, 2-3 жылда баспаналы болады екен. Біздің елімізде кемінде 10 жыл жинақ қорыңа салсаң, өз үйің болады. Бұл еліміздің деңгейінің төмендігін көрсететін көрсеткіш.
Тағы да атап өтсек, қазіргі таңдағы халқымызды толғандырған маңызды мәселелер - ақшаның құнсыздануы, экологиялық мәселелер, сыбайлас-жемқорлық. Бұл мәселелер өз шешімін тапса, халықтың өмір сүру сапасы артып, еліміз дамудың даңғыл жолына түседі. Ұлттық құндылығымыз сақталып, ел тұрғындарының жағдайы жақсарады. Әлемдік дамыған алпауыт мемлекеттермен тереземіз тең түсіп, әлем аренасынан ойып тұрып орын аламыз. Сонда ғана ата-бабамыз армандаған күнге жетеміз деп ойлаймын.
ҚазҰУ журналистика 3 курс студенті Жуанқан Айтолқын
Жетекшісі: Н.Б. Рушанова ,аға оқытушы