Қазіргі қоғамда «ақылды» болып көріну сәнге айналған

Соңғы кездері осындай трендті байқай бастадым. Қазіргі таңда белгілі бір сала немесе жаңалық туралы еш хабары жоқ болса да, ол туралы толық зерттеу жүргізгендей сөйлейтін замандастарымыз көбейген. Оның басты себептері не екен?

Эрудиті жоғары, интеллигентті жастардың қатары көбейгенін қолдаймын. Дегенмен адамның адамгершілігі барлығынан жоғары болуы керек. Білгірсініп, сырт көзге білімді болып көрінудің өтірік сипат екенін неге адамның өзі пайымдамайды. Өзгені алдап, керемет тұлға болып танылғанымен, ішінде ол өзін-өзі алдап жүреді. Бір күні өтірігі шығып ұятқа қалады емес пе?

Расында жігіттер қыздарға жақсы көріну үшін де «ақылдысымақ» кейіп танытады. Мұны, әрине, екінің бірі жасай алмасы анық. Ал бір топ болып достарыңмен әңгіме құрған кезде әртүрлі тақырыпта пікірлер айтылатыны белгілі. Сол кезде жан-жақты білімін дамытуды ойламаған адам пікір бөлісуден шетте қалады. Дәл осындай адамдар көре алмаушылықтан ба әлде қызығушылықтан ба «білімді тұлға» бейнесын жасауға тырысады. Айтылған ортақ пікірге қосылып кету үшін білмесе де, қатысы жоқ пікір айтып қоғамның мүшесі екенін танытуды қалайды. Жеке өзім мұндай кезде тек тыңдап отыруға үйренгенмін. Біреудің сөзін бөліп, соңынан болмасыз пікір білдіру мен үшін жат дүние.

Жеке өзім шалғай ауылдағы мектепте оқығанмын. Жоғары сыныпта өзіме ұқсаған білім іздеуге құмар үш досым болатын. Біз жиі жиналып, әртүрлі ғылыми деректермен бөлісетін едік. Кейіннен әр кездесуге кем дегенде 500 сұрақтан дайындап келетін болдық. Өзіңіз ойлаңыз, әрқайсысымыз 500 сұрақтан тауып келіп, бір отырыста бір-бірімізге 2000 сұрақ жаударытан едік. Қысқа уақытта мол ақпаратқа ие болудың зор мүмкіндігі осы болатын. Ол кезде интернет дегенді білмейтінбіз. Сұрақтарды теледидар (СТС телеарнасындағы «Самый умный» бағдарламасын қалдырмай көретінмен) мен кітапханадағы энциклопедиялардан жинайтынбыз. Кітапхананың бір бұрышында отырып алып, әртүрлі тақырыпта пікірсайыс ұйымдастырып, талдау жасайтынбыз. Расында, әп сәтте қызығушылық танытқан оқушылар өзімен-өзі айналамызда жинала беретін. Қазіргі таңда massaget.kz сайтында жарияланып жатқан «викториналық сұрақтарды» сол кезде жиналған ақпараттар негізінде дайындап жүрмін.

Адамның кәміл тұлға болып өсуі үшін алдымен адамгершілікке бет бұруы керек. Этикамен сусындап, сыйластықты білуі тиіс. Бастысы шыншыл болуы керек. Ал білім тек қана еңбектің арқасында жиналады. Ерінбей еңбектенетін адам кез келген салада жеке пікірін таныта алатын тұлғаға айналады. Оны қоршаған ортасы өзі білмеген дәрежеде сыйлайтын болады. Бастысы ол өзінің игерген білімін ортаға салып, бөлісе алады. Осындай адамдардың көп болғанын тілеймін!



Бөлісу: