Қазіргі жастарға не керек?

Қазіргі жастарға не керек?
жеке
блог

      Сіз ең соңғы рет театрға қашан бардыңыз?

   Мен өткен аптада «Сәкен сұңқар» атты тарихи трагедиялық драманы тамашалап келдім. Бұл туындыда атақты ақын-жазушы, Сарыарқаның сұңқары, Қазақ елінің дара тұлғасы және қоғам қайраткері болған Сәкен Сейфуллиннің тағдыры жайлы баяндалады. Қойылымда қоюшы режиссерлер оның қайраткерлік тұлғасын ашып көрсетуге барынша тырысыпты. Алған әсерлеріме қарап режиссерлер өздерінің алдына қойған мақсаттарына қол жеткізе алды деп ойлаймын.

   Сәкен ағамыздың өмірі сан алуан қиындықтармен өтті. Бірақ, соған қарамастан ол халқымыздың бостандығын, болашақтың жарқын және нұрлы болуын армандап, армандары үшін күресті. Бұл күресте ол жас талапкерлерге үлгі болатын тұлға іздеп, Ахмет Байтұрсынұлын бұл рөлге лайық деп таныды. Сонда маған бір ой келді. Қазіргі таңда біздің Ахметтеріміз, Сәкендеріміз кімдер? Бүгінгі таңда жастардың басын қосып, биік шыңдарға жетелейтін тұлғалар бар ма?

   Мүмкін көбіңіз менімен жоғарыда айтылған мәселе жайлы келіспейтін шығарсыздар. Біріншіден, қазіргі кезде де қоғамымызда лауазымды адамдар бар деуге болады. Бірақ соған қарамастан, өткен ғасырлардың ұлы тұлғаларына тең келетіндер жоқтың қасы. Бұның басты себебі адам ниетінің өзгеруі. Түн ұйқысын төрт бөліп, жеген асын жерге қойып, «Елім, жерім» деп жүрген адамды көрсете аласыз ба? Ал мен бұл сұраққа жауап берместен бұрын біршама ойланар едім.

  Екіншіден, жастарды біріктіру не үшін керек? Онсыз да халқымыз қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын күйде өмір сүріп жатқан жоқ па деген тұжырым пайда болады. Ал қазіргі жастарға қарайықшы. Олар алуан түрлі ағымдардың соңынан еріп, өздерінің ұлттық болмысын жоғалтуда. Ұлттық проблемаларды ысырып әркім өз басына түскен қиыншылықтарды өзі шешуде. Осындай рухани құлдырау кезеңінде батыстанған, шығыстанған қазақ жастары бірін-бірі түсінбеуде. Міне, дәл осы сәтте олардың көшін бастап, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға көмектесетін саруар керек. Оған қоса бірігу жаңа істі бастау үшін ғана емес, бірқалыпты күйді сақтап қалу үшін де қолданылуы тиіс. Олай болмаса халық арасына іріткі салып, аш қасқырдай шет жақтан қарап, бақылап жүргендер аз емес.

    Жоқ, мен әлі үмітімді үзген жоқпын. Мейлі ол ер адам не әйел болсын, инженер не дәрігер болсын, ең бастысы ол жастарға көшбасшы болуға ниет етіп, бойында ықылас және талпыныс, білім мен еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттері болса, мен оған жәрдем берушілердің қатарынан болуға дайынмын.

    Осы блогқа қосатындарыңыз немесе қарсылықтарыңыз болса, пікірлеріңізді күтемін.