Қазіргі жастар кітап оқи ма?

Ақпараттық технологияның қарқынды дамып отырған қазіргі заманында кез келген адамның әр түрлі салада, қалаған тақырыпта әр бағытта ақпаратпен хабардар болуына ешқандай кедергі жоқ екендігі еш шүбәсіз. Интернет керек пе, электрондық пошта керек пе өз қалауыңмен пайдалана бер! Қазір тіпті, кітапты да интернет арқылы оқуға жағдай жасалған. Сонда жастанып жатып оқитын кітаптың заманы біткені ме, «жанды кітап оқитындардың соңғы буыны біз бе?» деп те ойланып қаласың. Жалпы қазіргі адамның кітап оқуға құлшынысы қалай немесе оған уақыттары бар ма? 

Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», — деген екен. Яғни, қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысы күннен күнге азайып, М.Шаханов ағамыз айтпақшы «Компьтербасты жарты адамдар» көбеюде. Олай дейтінім, жақында орын алған оқиға. Сабақ аяқталысымен үйге қайтып бара жатқанымда, университет ішінде орындықта үш студент отыр. Екі студент бірін-бірі таниды, бірақ үнсіз тілдесуде. Ал үшіншісі қолында кітабын құшақтап, оқып отыр. Екі таныс бір-бірімен жанды тілдескеннің орнына, қолдарындағы смартфондары арқылы хабар алысып отыр екен. Үшінші білімгерге жабайы, ол бір тас дәуірі кезеңінің адамындай қарағаны ашуыңды келтіреді. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан мына заманда қарадомалақтарымыз кітап бетін аша ма? Олар қандай кітап оқиды? деген сұрақ ылғи мазалап жүр еді, ал жоғарыда орын алған оқиға мақала жазуыма себепші болды.

 «Жастар кітап оқымайды» деген қасаң пікірді аға буыннан жиі естиміз. Жастар оқитын, қазіргі қоғамға түсінікті, тұшымды дүние болса, қанеки! Заманауи тақырыпқа сай кітаптар қатары сирек қазір. Осындай олқылықтарды  көргенде, ата-аналарымыздың  естеліктері еске түседі. С.Мұқановтың – «Ботагөз», «Өмір мектебі» , Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» сынды бірегей  туындыларын кеңестік кеңістікте өмір сүрген  жастар жастана  оқыған. Бірігіп, бас қоса қалса, соңғы оқыған кітаптары  жайлы ойларын  ортаға салып, талқылайды екен. Замандастарды ортақ  мүддеге, ортақ көзқарасқа  тоғыстырған сол кездегі  қазақ жазушыларының  тапқырлығына тәнті боласың! Бүгінгі жастар «Instagram», «Faceebook», «Twitter», «Вконтакте» сынды әлеуметтік желілерінде қандай жаңалықтар бар, қай жұлдыздың парақшасында не болып жатқанын бастары біріксе талқылайды, одан қалса тілдесудің орнына ұялы телефонына көміліп отырады. Бұл көңіліңе кірбің ұялататыны сөзсіз...

 «Неге қазір  кітаптар оқылмай  жатыр? Неге кітапханаға жастар келмейді?»  деген заңды сауалдарға жауап іздеп әлекпіз. «Шаң басқан архивтерден  табылатын» құнды  кітаптар  кітапхана төрінің сәнін келтіру үшін  жарыққа шыққан ба?»  деп қаласың кейде. Қазіргі қазақ  әдебиетінде тарлан жазушыларымыз жетерлік.  Т.Әбдіков, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза…  Бірақ олар  айтарын өткен ғасырда  айтып,  қазіргі жаңа заманда  әзірге үнсіз жатыр. Ақпарат  ғасырында кітаптың  оқылымсыз болып,  қолданыстан шеткеріленуі  қазақ жастарының ұсақталуынан хабар бергендей. Аға буын жазушылардың  орнын басқан кейінгі  толқын әдебиетке  жаңа леп әкеліп жатқан жоқ. Қазір кім не жазса да, еркі өзінде. Жақындарына кітап арнап, мемуар жазу дұрыс та шығар. Дегенмен  ұрпақ үшін еш мәні жоқ кітаптарды көбейткеннен не ұтамыз? Керісінше, ұтылып, жұтылып кетуіміз мүмкін. «Кітап маған тақтан да  артық» деген Шекспир өсиеті, «Талантты адам алтын тақта туған патшамен тең» деген Фридрихтің сөздері тамаша үндесіп тұрған жоқ па? Иә, кітап ең үздік ұрпақ тәрбиелеушісі, сондықтан кітапты тек таланттылар ғана, ұлт мүддесі үшін жазған жөн деп ойлаймын.

«Кітапсыз үй – жансыз дене сияқты» деген екен бір данышпан. Ал кітапты  ғұмыр бойы қолына ұстамаған адамды неге теңеріңді білмей  дағдарасың. Кітап – қашанда рухани азық. Ондай қымбат  қазынаны өткінші  дүниелермен алмастыруға әсте болмайды. Сондықтан, достар, алдамшы нәрселерге еріп, кітаптың қадірін түсірмейік!



Бөлісу: