Қазіргі әдебиетте маркетинг жоқ

Қазіргі әдебиетте маркетинг жоқ
жеке
блог

Жас прозашылардың шығармашылығы неге оқылмайды? Бұл сұраққа Тұрсынжан Шапайдың «Әдебиет – азшылықтың мүлкі» деген сөзімен жауап бере салуға болар еді. Рас, оқитыны оқиды, бірақ жалпыхалықтық дәрежеде емес. Бірақ мұнда да бір кілтипан бар.

Әдебиет төңірегінде жүрген туындыгерлер мен жазбагерлер көбінде «заман сондай», «тіршіліктің қамы» деген пәлсапа айтады. Егер «қаламды қару еткен жұрт қай заманда да байлық, тұрмыс мәселесіне назар аудармады, тек соңғы кезде ғана күнкөріс қамына кірісті» дейтін болсақ қателесеріміз анық. Тіршілік пайымы болған, болады да. Және оның қаншалықты деңгейде болғаны да үлес-салмағы артқан фактор емес. Жазылып жатыр. Жазылады да. Бірақ баспадан 1000-2000 данамен шығып жатқан кітаптың 9 миллион қазаққа (шет елдегі қандастар туралы әңгіме айту да қате) тамшы құрлым емей не? Ендеше халыққа әдебиет жетіспейді деп ұрандауға тура келеді. Тіпті жоқ деуге саяды.

Оған «Жалын» деген баспа сияқты екшеусіз, елеусіз бет толтырғандарға кітап шығарып бере беретіндерді қосыңыз. Қазіргі әдебиетте маркетинг жоқ. Дұрыс жұмыс істемейді емес, тіпті жоқ! Оқысаңыз қане, Смағұл Елубайдың ашаршылық тақырыбына жазған туындысын атаңыз, Тәуелсіздік тақырыбына жазған автор мен оның дүниесін атап беріңіз, жаңа заман жайлы толғанған автор мен оның туындысын білесіз бе? Мен білемін, сіз білуіңіз мүмкін, ал менің туған ауылымдағы ауылнайдан бастап, басқасы да одан мақұрым. Ауылды қойшы, қаланың кебін өзіңіз де ұғып тұрған боларсыз? Несін жасырамыз? Жоқты жоқ деуімізді дұрыс түсінбегендер «жоқ десіп зарлай береді» деп те ойлауы мүмкін. Елдің ойымен таласайық енді, жетпегені осы еді дегендей...

Жасырын емес, қазір «қаламгер» деген сөздің өзі қате ұғымға айналып барады. Бұлай дейтініміз барлығы да қаламмен емес, компьютермен жазады. Жаңа мыңжылдықпен келген өзгеріс тек техника саласын ғана емес, сонымен қатар рухани-мәдени бағытты да өзгертті. Сайып келгенде, бұл сөзді жазбагер, жазушы деп қана атау логикалық қатесіз болмақ. Мазмұн мен идеяны иек еткен ойшылдар (әлде жазушылар) сол ойлары мен айтарын басқандай құралмен, өзге бір формада беруі керек. Бере алмады деңіз – ендеше ол жаңа заманның жазушысы емес. Дәл осы сөздің төркінін «сынап баққанымыздай» кітап та, тіпті графия (яғни жазу) арқылы беруіміз де заман талабына сай емес. Замана мультимедиялық арнаға ауысты. Әрбір дүниені адам баласы қазірде визуалды жолмен қабылдайды. Шамамен осылай.

Ал бұл сөзге ойшылдар опық жегеннен бұрын, өзіне жаңа бір дем ашқандай күйде болуы керек. Себебі түкке тұрғысыз сюжет пен идея оқырманмен я тыңдарманмен (тіпті көрерменмен) тікелей байланыста болып, ақ-қарасын ажыратуға мүмкіндік туады. Ал енді жаңа форма туралы, жаңа беру құралы туралы айтып берсем, менен асқан көріпкел, менен асқан хәкім болар ма? Яғни, көресіні көреміз де...