Бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері шаш етектен болмаса да, жетіп артылады. Бірін айтсақ, біріне көз жұма қарап келеміз. Соның бірі – қоғамдағы ұстаз беделі.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, бүгінгі қоғамда ұстаз беделі аласарып бара жатқандай. «Таяқты әліп деп үйреткен» ұстазды құрметтеу қазақтың қанына сіңген қасиет еді. Өкінішке орай, соңғы уақытта шәкіртіне сөзі өтпейтін оқытушыны, мұғалімін тыңдамайтын оқушыны көріп жүрміз. Көпке топырақ шашпасақ та, көңілде жүрген түйткілді неге жазбасқа?!
Бала тәрбиесінде ата-ананың атқаратын ролі ерекше. Ұстаз одан кейінгі орында екенін жасырмаймыз. Мәселен, бұрындары ата-ана баласын мектепке апарғанда «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп ұстазға сеніп тапсыратын. Баласының оқу үлгерімі, тәртібі мен кемшіліктерін бірінші ұстазынан сұрап, қанығып отыратын. Ал қазір ше? Қазір ата-ана керісінше бірінші баласынан сұрайтын секілді. Үйден мектепке аттанарда баласының қалтасына молынан ақша салып, қолына қымбат телефон беріп, «ұстазың ұрысса айт, сазайын береміз» дегенді жиі айтады. Есіткен де боларсыз. Мұны санасына түйген бала ұстазын қалай сыйласын?
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзді мектеп қабырғасынан есітіп, жадымызда сақтап келеміз. Сондықтан да бала үшін ата-ананың айтқаны – үлкен өнеге, заң. Бұғанасы қатпаған жасөспірім қалай бағыттасаңыз, солай бағыт түзейтіні бесенеден белгілі. Сол үшін ата-ана бірінші баласына ұстазын сыйлауды, қадір тұту туралы айтса, бала да көңіліне тоқитыны рас. Осы тұста «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген мәтелдің астарына тағы бір үңіліп, ұстазға сенім арта білгеннің ата-ана үшін маңызы жоғары екенін айта кеткен жөн шығар. Қарап отырсаңыз, ұстазынан "таяқ жемеген" оқушы жоқ деп айта алмаймыз. Бәлкім, келер ұрпақ айтатын болар. Себебі, қазір заң - қатал. Мұғалім оқушысынан қорыққан заман десек те болады. Тырнағыңның ұшы тисе, соңынан сан соғасың. Мәселе бұл тұрғыда ұрып-соғуда емес, тек ұстазға да деген құрметтің белгісі аласарғандай. Өйткені, ата-анасына сенген бала ұстазына да солай сенуі керек. Ал бастысы - ата-ана ұстаз беделін бала алдында төмендетпеу қажет. Ата-ана мен ұстаз арасындағы жылы қарым-қатынас - бала болашағының алтын діңгегі.
Шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фараби «тәрбиесіз келген білім қатерлі» деп бекер айтпаса керек-ті. «Бір әріп үйреткен жанға 40 жыл сәлем бер» - деген де сөз бар. 40 жыл сәлем бермесе де, мектеп қабырғасында жүргенде оқушы ұстаздың қадірін біліп, сыйласа, зерделі білімін көңіліне тоқыса, соның өзі жеткілікті емес пе?
(Әзіл шыны аралас)
Иә, адам тәрбиелеу - ең ардақты, ең қиын жұмыс. Сондықтан да мұғалімнен шәкірті мейірімі мол, ниеті адал қамқоршы болуды талап етеді. Оларды қорқытып тәрбиелей алмайсың, әрбір ұстаздың бойында төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттермен қоса, өзінің күнделікті өтетін сабағына дайындығы қалай деген мәселе үнемі көкейінде тұру керек деп білемін. Өйткені, бала болашағына жол сілтер тұлғаның бірі – ұстаз.
Кезінде қылышынан қан тамған Ескендір Зұлқарнайын жорықтан оралғанда ең әуелі ұстазына, одан кейін ата-анасына сәлем беруге баратын болған екен. Мұның сырын сұрағандарға ол: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал, ұстазым жерден аспанға, яғни жәннатқа кіруіме себепші», – деген екен. Осыдан-ақ ұстаздың бала болашағындағы ролін аңғара берсек болады.
Ұстаз – ұлы есім. Бұл есімге кір келтірмеу әрқайсысымызға парыз. Ұстаздың беделін асыратын, төмендететін де – қоғам. Қоғамдағы ұстаздар қауымына деген көзқарас қалыпты болса, қауіп те жоқ. Өйткені, мұғалім беделі – ел беделі.