Қазнет бәйге – 2014 жасасын!
блог
Бүгін, 2013 жылдың 7 желтоқсанында қазақ сайттары арасында өткен "Қазнет Дода" байқауы қорытындыланды. Байқауды қазақ интернетіндегі танымал блогшылар мен сайт қызметкерлерінен құралған бастамашы топ (Серікқазы Кәкібаланов - "Ұлттық Интернет Ассоциациясы" заңды тұлғалар бірлестігінің директоры, Аршат Оразов - Мұнара.кз, Керекинфо.кз сайттарының бас редакторы, Данияр Алан - Мұнара.кз сайтының дизайнері) ұйымдастырды. "Қазнет Дода" жақында өткен "Интернет-Дода" байқауына балама ретінде ұйымдастырылғанын да айтып өтейік. Естеріңізге сала кетейік, "Интернет-Дода" байқауы өз дәрежесінде әділ өтпегендіктен, Массагет аталған байқауда алған 1 орнынан бас тартқан болатын.
"Интернет-Дода" мемлекет қаржысына ұйымдастырылған болса, "Қазнет Дода" демеушілердің арқасында өткенін баса айтайық. Бұл дегеніміз бизнес бүгінгі таңда қазақ интернеті дамуының маңыздылығы мен перспективасын түсініп отыр деген сөз.
Бүкіл Қазнет тынысын ішке тартып, "Қазнет Дода" альтернативті байқауы тамаша өтетініне күмән келтірмеген болатын. Бірақ бәрі бұлай болмай шықты.
"Интернет-Додадағы" бағалау жүйесі мүлдем күмәнді, күдікті болып шықса, "Қазнет Додадағы" бағалау жүйесі де барынша тырысқанымен, тиімді бола қойған жоқ.
Ұйымдастырушылар қазылар алқасына қазақ интернетінде аса белсенді болып жүрген 100 адамды қосқан болатын. Бұл 100 адамның құрамына Массагет редакциясынан 4 адам (Ардақ Құлтай, Анара Мұстафинова, Мейіржан Әуелхан, Мейіргүл Оңғарова) кіріпті. Осылайша "Қазнет Дода" біздің төртеуді "мүдде жанжалы" (конфликт интересов) деп аталатын ситуацияның алдына қойды. Ақылдаса келе, өз сайтымыз Массагет додаға қатысып жатса да, төртеуміз Массагетке ДАУЫС БЕРМЕУ туралы шешім қабылдадық (Байқау ережесі бойынша, сайт қызметкері өзі жұмыс жасап отырған сайтына да дауыс беруіне болады). "Мульти-юзер" аталымында өз сайтымыздан басқа сайттарға барынша объективті болуға тырысып, дауыс бердік.
Нәтижесінде 100 қазының ішінен 52 адам дауыс берген екен. Яғни бұл жартысынан сәл көбірек деген сөз. Қорытындысын мына жерден біле аласыздар. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Әсіресе, Аламан.кз пен Ит-Тірлік, ҚазТРК порталдарын ерекше құттықтағымыз келеді!
Бұл байқау өз мәресіне жеткен тұста, Қазнетте ұйымдастырылып жүрген барлық байқауға қорытынды жасайтын кез келген сыңайлы.
Осыған орай, біздің пікіріміз мынадай.
Бүгінде KZ доменінде 4000-ға жуық сайт тіркелген. Сайттар байқауы тілдік ұстанымдарға сәйкес өтпеуі тиіс. Біздің ойымызша, қазақ тіліндегі сайттар орыс тіліндегі сайттардан бірде-бір кем емес. Авардты алып қарасақ, сайтты әділқазының екі бірдей құрамы бағалайды. Бір құрамы мемлекеттік тілдегі сайтқа, ал екінші құрамы орыс тіліндегі сайтқа өз бағасын береді. Орыс тіліндегі сайттар көп болғандықтан, қазақ тіліндегі сайттар жеке категорияға бөлінген. Бұлай болмауы тиіс. Қазақ тіліндегі біраз сайт сапасы жөнінен орыс тіліндегі әріптес сайттарынан еш кем түспегендіктен, контентті екі тілде бірдей сөйлейтін адам бағалау керек. Бағалау жүйесін жіті ойластыру қажет. Жақсы сайт тек контенттен ғана емес, юзабилити (қолданушылар үшін ыңғайлылық), дизайн сияқты факторлардан тұратынын де ескеру керек.
Шыны керек, біз бағалау жүйесі жан-жақты ойластырылған, қазылар алқасы объективті түрде баға беретін тартысты байқауда таласқа түсіп, жеңіске жеткіміз келеді.
Бағалау барлық факторда комплексті болу керек. Бір сөзбен айтқанда, 2014 жылы байқау KZ доменінде тіркелген барлық интернет-ресурс арасында өтуі тиіс. Бұл байқау жаңа, әділ байқау болуы керек. Бастысы ол дамыған елдердің ешбірінен кем түспейтіндей әлемдік стандартқа сай өтуі тиіс.
Категорияға бөлу жөнінен "Қазнет Додаға" ғана емес, тіпті "Авардтың" өзіне де мәселе қоя аламыз.
Мына жердегі форумда келесі жылы ешкім алған орнынан бас тартпау үшін, барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін осы секілді мәселелерді талқыға салуды ұсынамыз.