ҚазКСР Халық әртісі, әнші, актер Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл!

ҚазКСР Халық әртісі, әнші, актер Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл!
жеке
блог

Біздің бай тарихымыз бар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында төл тарихымызды жетік меңгеру және қадірлей білу елдің болашағының мызғымас кепілі, басымдығы екендігін ерекше атап көрсетті.

Мақаланың "Тарихи сананы жаңғырту" бөлімінде "ұлы даланың ұлы есімдерін", яғни елге тұлға бола білген ата-бабаларымызды дәріптеу маңызды екенін айтты. Мақалада: "Мысалы, өткен дәуірлердегі Ту­тан­ха­мон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Ва­шингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұл­ғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» ба­ға жетпес символдық капиталы санала­ды әрі сол елдердің халықаралық аренада тиім­ді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күл­тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дү­ние­ге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты та­рихи тұлғаларымыз бен олардың же­тіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан ас­тын­да ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағар­ту энциклопедиялық саябағын ашуы­мыз керек. Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тап­­­сырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әде­биет­тегі, музыка мен театр саласындағы жә­не бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақын­дар және ел билеген тұлғалар бейне­сі­нің маңызды галереясын жасауды қол­ға алу қажет" - делінген. Осы орайда ҚР "Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві" РММ ұлы даланың ұлы есімдерін дәріптеу мақсатында архив қорынан ұлы тұлғалардың суреттерінен фотокөрме ұйымдастыруды қолға алып отыр. Биыл көрнекті әнші (тенор), композитор, еліміздің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрманғалиев Ғарифолла 1909 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 4 жасында әкесінен, одан кейін анасынан ерте айрылған Ғарифолла Құрманғалиев немере ағалары Ғұбайдолла мен Хамидолланың қолында тәрбиеленеді. Әншілік өнерге бейімділігі бала кезінен байқалды. 10 жасынан домбыра тартып ән сала бастайды. Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды. Құрманғалиев Ғарифолла 1928 жылы ауылдық Кеңестің хатшысы, одан соң бригадир, ұжымшар басқармасының төрағасы болды. 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетіне қатысып, сол жерде Қазақтың музыкалық драма театрына (қазіргі Опера және балет театры) қабылданған. Ол театр құрамында жүріп Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен Елемес, Сақан, Жарас, Шеге, Естай, Нарымбет секілді образдарды шебер сомдады. Ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды. Ғ.Құрманғалиевтің орындауында халық әндері асқақ та әсем әуезімен шырқалатын. Ол әрбір әуенді әуелете салған сайын оған жан мен жүрек бітіріп, дауыс сазына даланың ұланғайыр дарқандығын өз көңіл толқынысымен ұштастыра сиғызып жіберетін. Сондай-ақ, өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем» т.б.
Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан-сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш еткен. Құрметті оқырман, назарларыңызға архив қорынан алынған суреттерді ұсынып отырмыз!

Автор: Олжас Құлымбай

Ғ.Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің "Алтын астық" операсындағы Жамбылдың рөлінде