Наурыз жыры
Қазанға сүр ет асылды...
Наурыз келді, тоң жібіп,
Әр үйге бүгін қонды құт.
Сақталған қыстай сүр етті,
Асыпты анам мол қылып.
Басталып күндер шуақты,
Сүңгілер еріп, су ақты.
Аймалады күн нұры,
Төбені, сайды, қыратты.
Қабағы күннің ашылды,
Сәулесі жерге шашылды.
Кебежеде сүрленген,
Қазы мен қарта асылды.
Қозы-лақ салды ойнақты,
Сары сиыр берді қаймақты.
Ақ уыз, құрт пен ірімшік,
Қазанға анам қайнатты.
Қырларға шалғын көк өсіп,
Күн менен түн де теңесіп.
Ата-әжелер мәз-майрам,
Өзді-өзімен кеңесіп.
Күлімдеп таңдар ататын,
Қызықпен күндер бататын.
Каникулдың бастауы –
Наурыз тойы жасасын!
Тарас НАУРЫЗӘЛІ,
Атырау қаласы