Қазақтың үш дерті

Қазақтың үш дерті
жеке
блог

Әрине мен қазақ болып туылғаныма ешқашан өкінген емеспін, алайды қазақ халқында жақтырмайтын немесе өзгерткім келетін үш нәрсе бар:

Ең алдымен той үшін ысырапшылдыққа баруы. Шаңырақ көтеріп отырған жас отбасылар кемінде үйлену үшін миллионға шығындалады, кейде той шығынын жабу үшін бірнеше жыл несие төлеумен өткізеді. Қазақ халқының тойға кететін шығыны европалық елдердің той шығынынан бірнеше есеге көп. Европалықтар шағын ғана отырыс жасап, қалған ақшасына бал айын өткізеді. Ал қазекең бірнеше жыл маңдай терімен тапқан табысын бір-күнде жаратып жібереді, жағдайы келмесе несие алып сандалады.

Екіншісі Оңтүстік өңірлерде сақталған «қызды еркінсіз алып-қашу» дәстүрі. Жас жігіттер жағасын қылмысын ақтау үшін бұл жабайылықты ата-бабамыздан қалған салт-дәстүріміз деп ақталады. Бұл қазақтың дәстүрі емес. Орта ғасырда некеге тұру үшін қалың мал төлеп алатын болған, ал егер жағдайы жетпесе, қыздың келісімімен алып қашатын. Ал еріксіз алып қашу қарақшылыққа немесе барымташылыққа саналып, заңмен қудаланатын. Қызды еріксіз алып қашуды ислам діні де жақтамайды. Сонда да «кыз алып қашу» оқиғалары әлі кездесуде.

Үшіншісі ұлттық тілді білмеуі. Талай қазақ жастары қазақ тілінде сөйлемейді немесе мүлде білмейді. Абай атамыз «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»,-деп айтқандай, басқа тілдерді үйреніп, сөйлегенге қарсылығым жоқ, алайда қазақ тілін ұмытып, тек өзге тілде сөйлеу, 550 жылдық тарихы бар қазақ халқына деген сыйламаушылық.

Қазақ халқымыз осы үш дерттен уақыт өте жазылатына сенемін.