Қазақтың ұлттық саз аспаптарының өткені, бүгіні және келешегі

Ата бабаларымыздан жеткен рухани мұрамыз ұшан теңіз. Ауыз әдебиеті, қол өнер, ақындық-шешендік өнер, құсбегілік, ат баптау, спорттық түрлі ойындар, ән-күй тағы басқа көптеген әлем халықтарынан ұлттық  бояуымен өзгешеленіп тұратын ерекше өнерлер мирас болып қалды. Солардың бірі және бірегейі ұлттық саз аспатары.

Алғашқыда ел арасындағы әнші күйшілер өздері қажетті аспаптарын  жасап алып ойнап елге өнерлерін көрсетіп жүре берді. Келе келе қазақ сахарасының жағрафиялық ерекшеліктеріне орай саз аспаптары үндік ерекшелігіне және формасына қарай сан алуан түрге ене бастады. Ертеде саз аспаптарды ағаштан, түрлі өсімдіктерден, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, қылынан және басқа да түрлі заттардан жасаған. Халқымыздың жыр аңыздарынан, дастандарынан және өткен ғасырлардағы саяхатшылардың, ғалымдардың еңбектерінен көне аспаптардың сипаттамаларын, суреттерін кездестіреміз. Қазақтың саз  аспаптарын, Мәскеу(), Санкт-Петербург, Алматы, Семей Астана қалаларындағы мұражайларынан және Америкадағы «Әлем халықтарының саз аспаптары мұражайынан»  да кездестіруге болады. Осы кезде байырғы аспаптардың түрлері 40-тан аса болғандығы анықталып отыр. Ертеде музыка аспаптарын жұртқа хабар бергенде, аңшылар құсты, аңды үркіткенде, бақсылар сарын айтқанда, әскери жорықтарда ұран салғанда пайдаланған.Бүгінде сол көне замандағы саз аспаптарымыз үнін сақтап қалғанымен қызметтік функциясын өзгерткен. Ертедегі тұрмысқа қажет болса бүгінде ұлттық фальклорлы ансамбль,оркестрлерден орын тапқан. Қызметіне  және ойналу ерекшелігіне қарай саз аспаптары мынадай бес  топтарға топтастырылды:

1:үрмелі аспаптар - дыбысын үру арқылы шығарылатын аспаптар сазсырнай, қоссырнай, қамыссырнай, мүйізсырнай, сыбызғы, ұран, керней.;

2.ішекті аспаптар - дыбысы ішек арқылы шығарылатындарға жататындар: жетіген, шертер, екі және үш шекті домбыралар, қылқобыз;

3.жіңішке сым арқылы дыбысы шығарылатын аспап: шаңқобыз немесе шаңқауыз;

4.ұрмалы аспаптар - аспапқа тартылған көн арқылы дыбыс шығарылатындарға жататындар: даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл , кепшік, шың;

5.шулы аспаптар аспаптың басына тағылған шынжырлар, қоныраулар арқылы дыбыс шығарылатын тобы — асатаяқтың бірнеше түрлері.

Бүгінде халық арасында ең көп тарағын осы аспаптар. Көне музыка аспаптарының табылуымен байланысты музыка мамандарының алдына жаңа міндеттер жүктелді. Ол міндеттер көне аспаптарды жетілдіріп жасап шығару, орындаушыларды тәрбиелеу, түрлі ансамбльдер ұйымдастыру, т.б. Қазақ музыка аспаптарының үнін жақсарту мақсатымен 1932 жылы Алматы қаласында, 1947 жылы Осакаровкада, 1957 ж. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) жанынан шеберханалар ашылды. Қазақтың халық аспаптар оркестріне домбыра мен қобыздың алғашқы үлгілерін (жаңадан жасатып) ұсынған профессор А.Жұбанов болды. Музыкалық аспап жасау шеберлері Оразғазы Бейсембайев пен Абузар Аухадиев көне аспаптардың біраз түрлерін жаңартып жасап шығарды. Шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, Э.И.Романенко, О.Бейсенбаев, А.Ауқадиев, т.б. музыкалық аспаптардың алғашқы үлгілерін жасады. Жетігенді, шертерді, үш шекті домбыраны, сыбызғыны, шаңқобызды, қылқобызды, асатаяқтың көптеген түрлерін меңгеріп ансамбльге қосып, жеке ән-күй орындап жүрген жас музыканттарымыз да бар.

Қазақтың ұлттық саз аспаптарының қалыптасып даму деңгейі еуропа, азия елдерімен салыстырғанда әлдеқайда кенже қалған.  Басты себеп көшпелі тұрмыста жүріп жалпы өндірістің дамымай қалғандығы. Алтай мен Атыраудың арасында біздің халық көшпелі тұрмыс салтында жүргенде, отырықшы халықтардың  жалпы өндірісі қарқынды дамып жатқан еді. Сол өндірістік шарушылықтың бір саласы қол өнері, аспап жасау сияқты ерекше өнерлер де бар еді.  Осылай бүгінде әлемге әйгілі гитара, скрипка, виоланчель, пианино тағы басқа саз аспатары тығыз орналасқан еуропа халықтарына кейіннен  бүкіл әлемге таралып, өзінің әлемдік беделіне ие болды. Осыдан  бес жүз жыл бұрын нақты өлшем пішінге келтірілді. Әлемдік стандарттары белгіленді. Аматилер мен Страдиварилер сол заманда кәсіби аспаптардың ең жоғарғы мүмкіндігін жоғары шеберлікпен көрсете білді. Осылайша әлемде жоғары сапалы саз аспаптары өзінше бір  дамып жатты. Батыс еуропаның саз апаптарының дамуының оң әсері өз ортасындағы Үндістан, Қатай сияқты елдердің де ұлттық аспаптарының техникалық жетілуіне үлкен үлесін қосты. Дәл осы уақытта  арқаны мекендеген біздің қазақтар және түркі тілдес туысқан халықтардың ұлттық саз аспаптарының халі туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес еді. Отырықшылығымыздың дәлелі болатын Отырардың ойрандалып қалғаннан кейінгі уақыттары жан жағын жайпап тұрған жоңғарлардан көз аша алмай тұрған уақыт. Еуропада (Партугалияда) он төртінші ғасырда білтемен атылатын от қаруы пайда болды. Біз бұл уақытта  ақ найзаның ұшы мен білектің күшіне сеніп жүрген шағымыз.  Жоңғарды жеңдік дегенде тағы бір басқыншылардың боданы болып кете бердік. Кезінде Еуропаны алақанында ұстаған ғұн  Еділ патша, перғауындар елін билеп-төстеген қыпшақ Бейбарыс Сұлтан, Түркі әлемінің ұлы қағаны Күлтегіндер мекендеген  жалпақ даланың меншікті иесі қазақтар туын көтерген заманда басқыншыдан бағынушы елге айналған тұс еді. Жалпы өндірістің дамуына көшпелі тұрмыстан кейінгі басты себеп бодандықтың қамыты еді.

         Десек те қазақтың ұлттық саз аспаптары ғасырлар бойы жаңғырып  даму кезеңдерін бастан кешті. Тарихтың түрлі көлеңкелі тұстарының салдарынан жиырмасыншы ғасырға дейін біздің ұлттық саз аспаптарымыз еш өзгеріссіз, уақыт көшімен ілесіп қана жүріп отырды. Алғашқы рет қазақтың ұлттық саз аспаптары кеңес үкіметінің тұсында өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Ахмет Жұбановтың бастамасымен ұлттық фолькорлы оркестрге икемделіп түрленіп көптеген саз аспаптарымыз жаңа сипатта жаңғырып түледі. Бұл сан ғасырдан бергі қазақтың ел болып алғаш рет аспаптарына көңіл бөліп дамытқан тұсы және ішекті шертпелі, ыспалы, үрмелі, шулы аспаптардың тұңғыш бас қосып қазақ даласының дауысын аспап тілімен жеткізуі  болып тарих бетінде алтын әріптермен жазылды. Талай қазақтың ұлттық саз аспаптары осы кезде жоғары деңгейде техникалық жасалу жағынан дамыды. Оркестрге  икемделіп прима қобыз, бас қобыз, бас шертер, бас домбыра т.б саз аспаптары дүниеге келді. Аспап үндері тұңғыш рет зерттеліп, кейбір дәстүрлі материалдар да осы тұста қолданыстан шығып қалды. Мысалы бүгінде дау тудырып жүрген домбыраның ішегіне байланып жүрген дәстүрлі малдың ішегі. Аспаптыңжоғары нотада ойнауға құлақ күйін келтіргенде мал ішегі жоғары бұрауды көтермей үзіліп кете берді. Осының салдарынан сол уақытта қолда бар нейлон ішек домбыраға тағылып күні бүгінге дейін жалғасып дәстүрге айналды. Домбыраға тағылған бұл ішек аспаптың дәстүрлі қоңыр үнін бере алмайды дей тұра біз осы ішекті алмастыратын табиғи материалдарды зерттеп зерделегеміз жоқ. Тіпті домбыраға арналған арнайы ішек те иірілмейді.  Отызыншы  жылдары аспаптарымыз түрленіп дамығанда  аспаптарға арнайы ішектердің жасалмай қалғандығы үлкен олқылық болды. Бұл олқылықтың кесірі бүгінгі қазақ музыкасына да ықпалы бар. Еуропа аспаптарының дені темір ішекпен ойналады. Ал қазақтың ұлттық саз аспаптарына дәстүрлі түрде табиғи малдың ішегі, қайыс, жібек жіп, малдың қылы тағы басқа материалдардан жасалған ішек тағылатын еді, бүгінде біздің  белді ұлттық оркестрлеріміздің өзінде тартылатын аспаптардың  жетпіс-сексен пайызы темір ішекпен тартылады. Бұл ішектерде тұрған не бар деген де ой тууы мүмкін . Бірақ бүгінгі күні жаңаша дәстүрмен келген ұлттық этнофольклорлы топтарда дәстүрлі музыканың жоғары сапасын табиғи ішекпен тартылатын аспаптардан тыңдадық. Нақтырақ айтар болсақ «Тұран», «Тұмар»  этнотоптардың  репертуарын тыңдай отыра трансқа түсеміз. Бұл көне үннің қаншалықты құдіреттілігін көрсетеді. Бұл тұста аспапты игерген шеберлердің де жоғары сапада тарта алатындығын айтпай кетуге болмайды.

 Бүгінде қазақтың ұлттық мәдениеті, музыкасы, тіпті саз аспаптарының сапасы да жылдан жылға дамып, жасарып, түлеп түрленіп келеді. Ұлттық аспабымыз домбыраны тұтынушы да, жасаушы шеберлер де көбейді. Тіпті біздің тарихта болмаған аспап жасаушы шеберлердің мектептері қалыптасып келеді деп батыл айта аламыз. Ұлттық саз аспаптарын жоғары сапада өндіретін шағын кәсіпорын көздері де ашылуда. Мемлекеттен арнайы бағдарлама көмек болмаса да ұлттық өнерді игерген ұлтшыл шеберлердің жеке талпынысымен осының бәрі жүзеге асуда. Сұраныстың көбеюімен бәсекелестіктің де туып келе жатқандығы қуантады. Бәсеке болған жерде өнер дамиды, өмір дамиды.  Біз дамып жатырмыз деп бөркіміді аспанға атып аттандауға әлі ерте.  Ғылымы, білімі, мәдени тұрмысы дамыған әлемнің көшбастаушы мемлекеттерінің бәрінде  ұлттық саз аспапта ойнаушылары мен жасаушылары арасын жалғап тұратын бас басына қауымдастықтары бар.  Осы қауымдастықтар сан мыңдаған шеберлердің ішінде кім үздік, кімнің үлесі қанша, тіпті шеберлердің ашқан техникалық оң жаңалықтары болса сол шеберге патентін жасап халықаралық сотпен заңды түрде қорғай алады. Халықаралық өлшемдерді қабылдайды. Аспап жасаушы шеберлерді сертификаттап, олардың кәсіби еңбек өтіліне қарап саты сатымен дәреже беріп отырады. Аспап жасаушыларды дәрежесіне қарай мемлекеттік қала берді халықаралық атақтарға ұсынады. Егер стандартталған саз аспаптарын куәліксіз өзге мамандықтағы әуесқойлар жасап саудаға салса, болмаса техникалық қателіктермен орындаса заң жүзінде қудалаулар жүргізеді, айып салады. Осының арқасында Италия мен Қытайда жасалған скрипканың техникалық сәйкестігін микрометрмен өлшеп салыстыруға болады. Ал бізде екі шебердің жасаған домбырасында қателіктер дициметрмен өлшеніп жатады. Бұл өте ұят. Бүгінде суретшілердің, дизайнерлердің, шеберлердің арнайы одақтары бар. Бірақ сол одақтарға аспап жасаушы шеберлер мүше болса да ұйымдардың мүшелері әр алуан салада жұмыс жасайтындықтан шеберлердің шығармашылық қабілетіне, ізденісіне аса көп мән береді. Бекітілген жарғы бойынша ғана көмектесе алады.  Біздің шеберлеріміздің сөзін сөйлеп, солардың жыртысын жыртатын бірде бір қауымдастық жоқ. Бұл ұйым өзінен өзі пайда болмайды. Ендеше тағы да  ұлттық өнерге жаны ашитын бір топ бастамашылардың бірігіп осы істі қолға алуы қажет. Бұл жалғыз жүріп бітіре салатын іс емес. Бізде де бар мемлекеттік стандарттау орталығы. Бірақ стандарттайтын аспаптың өзі көптеген өлшемдері мен құжаттары бірге саз аспапты жасаушылар мен тартушылардың ортақ келісімімен жүзеге асады. Ал шеберлерге де осы ұйым құрылғаннан кейін ғана мемлекеттік сертификат беруге мүмкіндік туады. Бұл бір әлеуметтік қордың атқаратын жұмысы емес. Ал бүгінде Қытайда, Өзбекстанда, Қырғызстанда жасалып бізге келіп жатқан формасы домбыраға ұқсайтын, дауысы да, болмысы да домбырадан садаға кететін дүбара кәдесыйларды халық қара базардан сатып алып мәз. Мұнымен аспапты тартып ойнағысы келген бала толып жатқан ыңғайсыздықтарынан өзінің төл аспабынан өзі қалай жерігенін байқамай қалады. Біз осылай мәдени рухани мүгедектерге айналамыз. Ал домбыраның силуетімен арақ шығарған Ақтөбелік заводқа кім тоқтау салады.  Бұларды қалай жазалайды.

         Егер өз алдына осы мәселелермен айналысатын ұйым, иниститут болмаса біздің ұлттық өнеріміз саз аспаптырын жасау, саз аспаптарын жасаушылардың мәселесі жабулы қазан жабулы күйінде қала бермек. Бүгінгі жеткен жетістігімізге мәз болып жүре берсек жекелеген шеберлер жетістігі жалғасаберері сөзсіз, бұрын бар дәстүр бүгін де жалғасады. Ал күллі қазақтың саз аспаптарының жалпы жағдайы баяғы жартас сол жартас күйінде қала бермек.



Бөлісу: