Қазақтың Ұлттық Киімдерінде Береке Бар
блог
Біздің заманымыздан бұрынғы қиян дәуірлер шежіресі бүгінгі таңда тек қана мұражай мұрағаттарында сақталған мұрағаттар мен тарихи әдеби еңбектерде, мерзімді ұлттық мерекелі жиындарда ғана елес беріп қалады. Мәдени мұралар арқылы ғана тіл қатып, тарих сахнасында мыңдаған жылдар бұрын өзіндік болмыс бітімі бөлек көшпенді бабаларымыз ойсыз көзге шалына бермес асыл мұраларды, тәрбиелік терең мәні бар өнегені күнделікті тұрмысымызда елеулі орын алатын ұлттық киімдер арқылы беріп отырған екен. Қолымызда бардың қадірін білмейтін аңғал басымыз мәні терең құндылықтардың сырын ұқпаған екенбіз.
Қазақ қыздарының ұлттық киімін – баршын, торғын, шәйі, қырмызы сияқты жұмсақ нәзік маталарды пайдалана отырып бүрмелі етек, бүрмелі жеңін аса кең етіп көлбеңдете тіккенінде қазақтың бүкіл тұрмыс-салты жатыр емес пе.
Қыз балалардың, әйел адамдардың киімін жұмсақ, нәзік матадан тігетіні нәзіктігі мен әдептілігі үстіндегі киімінен-ақ көрініп тұрған ғой. Етек-жеңінің кең болатыны – қазақтың дархандығы, үрімді-бұтақты екендігі, мейірімі, қонақжайлылығы, даладай кең пейілі, қолының жомарттығын білдіреді. Кең етектің қабат-қабат бүрмесі жеті сатыдан тұрады. Жеті қазына, жеті кие, жеті қат жер, жеті ата тазалығы осы ұғымға сиып тұр.
Әйел ұлтты тәрбиелейді, келген қонаққа ілтипат көрсетіп, дәмін ұсынған әйел атаулының киген киімдері арқылы бұрынғы бабаларымыз елдігімізді таныған. Үсіндегі киімі арқылы қай елден келгенін, кім екенін біліп отырған. Қыз балалар мен әйел адамдардың киім кию ерекшелігі арқылы айыра білген. Қазір қазақтың ұлттық киімін тігіп жүргендер сол қазақ көйлегінің етегінің желбірі жеті сатыдан тұратынын біле бермейді. Тіпті желбір салып тігуді қойып келеміз. Табиғатпен біте қайнасып, жер еміп өсіп, әдепке салғырт қарамаған бабаларымыз тұрмыс-тіршілік салтының болмыс бедері біздің еркіндігімізді алыс заманалармен жалғастырып жатыр емес пе?