Қазақтың тағдырына біткен жаңа телехикая

Қазақтың тағдырына біткен жаңа телехикая
жеке
блог

   Үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында отандық AstanaTV арнасынан көрсетіле бастаған Ақан Сатаевтың жаңа "Тағдыр" атты телехикаясы жөнінде сайтымызда Ақерке Әбілхан мен Ғазиза Ұзақтың сүйінші мақалалары жарияланып еді. Аталмыш телесериалдың алғашқы сериясын сарыла күтіп, теледидар алдына отырдық. Фильмнің бірінші көрінісі Қалихан атты байдың  жары босанғанын естіп, қуанышпен атқа қонуынан басталды. Бұл сәттер шынайы әрі боямасыз қазақ ерінің  әке атанып масаттанған шағын бейнелейді. Әйелі босану үстінде қайтыс болуы, оның есіне қазақтың ұлттық ойыны "Қыз қууда" қимас жарымен қалай танысқаны баян етіледі. Бұл сәттер адам көңіліне қаяу түсіріп, көзге жас келтіреді. Алғашқы көрсетілімнен-ақ фильмнен қазақы болмыс, ұлттық нақыштар кездескені баршамызды қуантты. Оқиға Қалихан үйі мен оның қызметшісі Жаназардың отбасы іргесінде дамиды. 

      Жаназардың рөлін сомдаушы Дулыға Ақмолда фильмнің тұсаукесерінде, аталмыш образға кіруінің қыр-сырын айтып ағынан жарылған еді. Оның жалғыз-ақ: " Көрермен өз бағасын бере жатар", -деген сөзінде, дүниеге келген фильмнің қазаққа қалай әсер етуін өз талқымызға қалдырғаны сезілді. Кезінде "Ғашық жүрек" телехикаясы турасында "Қазақстан-Zaman" газетінде Баян Есентаева: "Біз нағыз телехикая түсіргелі жатырмыз, бізге сеніңіздер!" деп асқаны бар еді. Алайда, сол телехикаяға жұрттың көңілі онша толмағанын уақыт көрсетті. "Тағдыр" телехикаясының түсірілімінің сапасы біршама жоғары тұр. "Керуен жүре түзеледі" демекші бұл телехикаялар қазақтың озық үлгілерді дүниеге келтіруінің бастамасы ғана болар. 

Замира Пулатова