Қазақтың ішкі мәдениеті Джеки Чанмен кездесу кезінде көзге ұрды

Джеки Чан Астанаға келді. Бәріміз көңіліміз алып-ұшып қуандық. Алыста отырсақ та, "елімізде жүр" деген хабардың өзі көңілге қуаныш сыйлайды екен. Джеки Чан, сіз ғажапсыз!

Менің қарным ашқаны –халқымыздың демесем де, кейбір адамдардың жабайылығы. Джеки Чанды таптап кетуден тайынбаған кейбір адамдар Қазақстанға алғаш келген әлемдік деңгейдегі ұлы адамның алдында өздерін өте жабайы ұстаған. Фанаттар адам көрмегендей актерді жұлып жеуге шақ қалса, әріптестерім, журналистер қауымы өз кәсіби міндетін атқарудың орнына Джекимен селфи жасауға ұмтылып жүргендерін байқадым. Оны қоя беріңіз, жұлдыз санап жүрген біздің "үлкен тұлғаларымыз" Джеки Чанды көргенде өз-өздерін ұмытып, бала секілді суретке түсіп қалуға асыққан. Соның бәрі не үшін? Инстаграмға салып арзан лайк жинау үшін бе? "Мен мықтымын, Джекимен суретке түстім" деп кеуде соғу үшін бе? 

Ұйымдастырылған концертке келейік. Тікелей эфир екені түсінікті. Микрофонның дауысы дұрыс шықпай қалғанын техникалық ақауға жатқызсақ, кино тобының таныстырылымында қазақ тарапынан шыққан ер адамның (атын білмедім) сахналық мәдениеті көңілге кірбің салды. Бұның бәрі Джеки Чанның және алып айдаһарлы елден келген алпауыт қытай телекомпания өкілдерінің көз алдында өтіп жатты. Ұнағаны – Нұрғали Нүсіпжанов, Майра Мұхаммедқызы, Димаш Құдайберген. 

Жүргізушілерге сын қарша борап жатқанын әлеуметтік желіден байқап қалдым. Осынша тығыз уақытта бәрін ұйымдастырып үлгермегені түсінікті шығар. Неге ағылшын, қытай тіліне жетік жүргізушіні қоймаған? Брифингте Джеки Чанды тәржімалаған адам неге орыс тіліне аударып тұр? Динара Сәтжанның ағылшынша акценті құлаққа түрпідей тиді. Ертай Нүсіпжановтың пысықтығы концертті алып шықты деуге болады. Бірақ әншейінде жасындай жарқылдайтын Ертайдың өзі басында сылбыр жүргізді, кейін ғана ашылған секілді. Қасындағы қытай жүргізуші қызының кәсіби біліктілігі жоғары екені байқалды. 

Менің айтарым Қазақстан ешбір елден кем емес. Қазақтың табиғаты, өнері, әдебиеті, сырт келбеті, т.б. әлемнің кез келген елімен иық теңестіре алады. Димаш Құдайберген осыны анық дәлелдеді және жастардың жүрегіне үлкен үміт отын жақты. Сондықтан миымызға сіңіп қалған құлдық санадан арылып, басымызды жоғары көтеріп ұстайтын кез келді. Біз – тәуелсіз елміз. Фанат болудың да жөні бар. Осы қазақ қалай дұрыс фанат болу керектігін де білмей ме? Ееее, қазақ десең өзіңе тиеді. Жұрт ортасында Тұрсынбек Қабатов та отырды, ол да бәрін байқағанына сенімдімін, бір әзілінде уытты тілімен бәріңді мақтамен бауыздаса екен! 

Айта берсең, сөз көп. Сынауға бәріміз шеберміз. Бұл орайда бәрімізге көбірек оқып, шет тілін үйреніп, барынша мол білім жинауымыз керек. Сонда ғана ішкі мәдениетіміз артып, кез келген адамның алдында тең сөйлесе аламыз. 



Бөлісу: