Қазақтың қымызы- немістің косметикасы!

   Соңғы кездері ұлттық сусынымыз қымыздың патенті неміс халқына тиесілі екен деген дүрбең сөз шыққан болатын. Бұл хабар ұлты үшін жаны ашитын барлық жанның дегбірін қашырған рас. Көшпенді халқымыздын дәстүрлі сусынына немістер неге көз тігіп жүр? Йә, бәрі біз ойлағандай болып шықпады. Оны мақаланы оқи отырып түсінерсіздер.   Қазақ Радиосының журналисі Жазира Амантайқызы Берлинге жасаған сапарында осы шулы жаңалықтың анық қанығын біліп қайтқан болатын. Германияның дәл ортасында Ганс және Гудран Цольман атты неміс ұлтының өкілдері 200 бас бие ұстап отыр екен. Олар қымыз жасаумен және осы қымыздан косметикалық заттар жасаумен айналысады екен.  Оның айтуынша косметика кәсібі әлі онша жандана қоймапты. Себебі, әлі танымал бола қоймаған екен. Бірақ тұрақты клиенттердің бар екендігін айта кетті. Енді бірнеше жылда бүткіл Германия нарығына шыға алатын көрінеді. Ал қымыздың сұранысы көп көрінеді. Немістер біздің сусынның қышқыл дәміне қатты қызығады екен. Бұл кәсіп оларға әкесінен қалған. Әкесі соғысқа қатысып кеңес үкіметіне тұтқынға түсіпті. Тұтқында қатты сырқаттанып, қазақ отбасысының қайырымдылығы арқасында ғана тірі қалыпты. Қонақжай қазақтар оны қымызбен емдеп аман алып қалған екен. Ал соғыс бітіп еліне қайтқанда осы қымыз кәсібімен айналысыпты. Гудранның айтуынша қымыздың патенті Германияға тиесілі емес.  Олар тек қана шөлмек сыртындағы марканың патентіне ие екендіктерін айтты. Йә, қуантарлық жаңалық. Бірақ қол қусырып отырған жөн емес. Шөліңді басатын, дертіңе ем  болатын осы бір сусынның құнын білуіміз керек. Мұндай қазынамыздан тек неміс ұлтының өкілдері ғана емес, басқаларда дәм етсе таңқалудың қажеті жоқ.    Еліміз бай ғой шіркін. Мұнай да бар, жерде бар, аз болсақта ел де бар. Тек осы қазыналарымызды бағалай білуіміз керек. Дамып келе жатқан жас мемлекетіміз өз құндылықтарын ұмытпаса жақсы болар еді.



Бөлісу: