Ширек ғасыр бойы жалпы тыңдарман талғамы, түсініктері тым төмендеп, түсіп кеткенін байқаймыз. «Музыка» десең, тек ән деп біледі, басқаны қойғанда, күй де жоқ, терме де ойға алынбайды. Айтылып ұмытылған, айтылмай жатып ұмытылған ән, оны орындап барып ұмытылған әншілер, жанбай жатып сөніп қалған жұлдыздар… Бұл жағдайдың себебі: авторлардың 99 пайызы әліппелік білімі жоқ әуесқойлар. Әр әуесқой өз-өзіне деген сүйіспеншілігі мол, мүлдем сын көтермейтін өркөкірек. Кеңес заманында әр ән көркемдік кеңес сараптамасынан өткеннен кейін ғана жалпы жұртшылыққа тек сапалы, көркемдігі жоғары деңгейде жететін. Мысалы, 70-ші жылдары сапасы өте төмен, ұлттық мүддеге қатысы жоқ деп Ш.Қалдаяқовтың әйгілі «Сыган серенадасының» өзін бір кеңес өткізбей тастаған екен.
Бүгінгі «қазақ әні» дегеннің бәрін қазақша қылып тұрған оның мәтіні. Егер әуенін басқа тілдегі өлеңмен айтса, сол халықтың әні болып шыға келер еді. Сүйемелдеу гармониясының да қазақ менталитетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазақ әуезінің гармониясы домбыра-қобыз бұрауынан шығады, негізі – кварта-квинта. Ал біз күнде естіп, құлақты тосырқатып жүргеннің бәрі еуропалық минор аккордтарымен сүйемелденген, оның үстіне басым көпшілігі үш буынды екпінмен жасалған (вальс екпіні, қазақ музыкасына Л.Хамиди енгізген). Кәсіби композитор, керек десеңіз, бір сағатта мұндай әннің ондаған данасын жасап шығара алады.
Кәсіби композиторлардың терең мәнді әндері айтылмай қалуда. Біріншіден, олар әуесқой сияқты күндіз-түні бір әннің соңында жүрмейді, екіншіден, ең әйгілі деп жүрген эстрада әншілерінің де оны айтуға мүмкіндігі мен білімі жете бермейді. Ал 5-6 жылда жоқ болып кететін әншілерден не күтесің… Дегенмен, біздің арамызда жоғарыда айтылған трафаретке жоламайтын, өз қолтаңбасы, әуені, стилі, өзіндік мәнерге ие композиторлар бар. Мысалға Марат Ілиясов пен Донеділ Қажымовты айтуға болады. Бұл тұрғыда аға буынның айтулы өкілдері Кеңес Дүйсекеев пен Ескендір Хасанғалиев шығармалары классика деңгейіне шықты деп білеміз.
Біз бүгінгі күн талабына сай еңбектенуге тырысамыз. Республикада 18 қазақ халық аспаптар және 18 камералық оркестрлер бар. Оркестрлер репертуары аз, ал композиторды күтіп тұрған жұмыс көл-көсір. Бұл да болса Тәңірдің бізге берген бір сыйы шығар. Одақ мүшелері Еркін Нұрымбетов пен Рахат Мәдреев репертуар толықтыру мақсатымен біздің шетелдік достарымыздың шығармаларын қазақ оркестріне түсіріп жүр. Тыңдарман қауым Фараджев (Әзербайжан), Непесов (Түрікмен), Броннер (Москва) және басқалардың туындыларын зор ілтипатпен қабылдауда. Жаңашылдық әдістемелермен дайындалған біздің шығармалар бір жағынан оркестрлік ұжымның кәсіби өсуіне де септесуде. Камералық оркестр бүгінде біз үшін шет елге шығудың ең төте жолы. Шағын құрамды ұжымның мүмкіндіктері мол, жүріп-тұруы ыңғайлы. Оның үстіне камералық оркестрге жазылған Қазақстан композиторлары шығармаларының жоғары әлемдік деңгейі елімізде бағалана қоймаса да, ол жетістігіміз шет ел музыканттары тарапынан мойындалып, басқа елдер оркестрлерінде өзімізден гөрі жиі орындалады.
Біздің буын Қазақстан композиторлық мектебінің академизмін сақтай отырып, әлем музыкасына тек өзіне тән бағытпен енді. 70-80-ші жылдары республикада классикалық шығармашылық екі бағытта болатын. Бір жағынан Орталықта (Москва, Ленинград) білім алған, кәсіби шеберлігі зор, бірақ ұлттық нақыштан алшақ композиторлар. Екінші топ – қазақы әуезге сүйенген, алайда, кәсібилігі әлемдік деңгейден төмен тұрған авторлар. Осы екі дәстүрді үйлестіре келе біз өз жолымызды таптық. Сөйтіп, қазақ ұлттық әуезі жоғары сапалы композиторлық машықпен синтезделіп үйлесті. Бүгінде біздің шығармашылық шабыт түрлі этникалық бұлақтан бастау алса да, бір арнаға құйып, үлкен дария болып ағып жатыр, оның аты – Заманауи Қазақ Музыкасы.