Симфониялық шығармаларды алайық. Ежелден композиторлық шығармашылықтың ең биік шыңы симфониялық шығарма болып саналады. Бәлкім, сондықтан шығар, біздің аға буынның туындыларының басым көпшілігі тек қана симфониялық оркестрге арналып жазылған. Ал соңғы жылдары шыққан дүниелер саусақпен санарлық: 2 симфония, 12 симфониялық поэма, 3 оркестрлік және 16 жеке аспаптық концерт, бірнеше симфониялық суреттеме мен күйлер. Мұның бәрі – біздің буынның тірлігі. Біз Одақ мүшелігіне 80-ші жылдары өткен, қазір 60 жастың арғы-бергі жағындағы, соңғы кеңес композиторларымыз. Келешекте бұған да тиісті баға берілер деген үміттемін. Нақ біздің толқын қазақ академиялық музыка шығармашылығын тығырықтан шығарып, бас-аяғын жинақтап, шынайы өріс табуына септігін тигізді.
Осы тұрғыда Бақтияр Аманжолдың «Есіктер» симфониясын атап айтуға тұрарлық. 7 бөлімді көлемді дүние терең философияға толы, Тәңірім ерекше жаралған қазақ ұлтына түрлі есік ашып, ғарыш кеңістігіне, рухани дамуға, сакралды әлемге және т.б. бағыт көрсетеді. Бейбіт Дәлденбайдың «Желтоқсан толқуы» симфониясы ақиқат болған оқиғаны суреттейді. 1986 жылдың желтоқсан айындағы «ішкіштер мен нашақорлар» деген жала жабылған қазақ жастарының көтерілісі тек ұлттық сезімді оятып қана қойған жоқ, Кеңес одағы ыдырауының да басы болды. Бүгінде шығармаларын қарапайым қазақ ауылынан бастап әлемнің ең мәртебелі залдарында мақтана орындауға тұрарлық қазақ композиторлары Ермек Өміров, Владимир Стригоцкий-Пак, Хабиболла Сетеков, Артық Тоқсанбаевтар заманға сай саз толғап жүр. Осы қатарда әйгілі отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген Әліби Мәмбетов-Жұбанов та бар.
Ал енді жай-күйі ең нашары – ол кантата-ораториялық жанр. Бұрыныраққа көз жүгіртсек, бұл музыкалық жанр бүкіл ұйым тарихында билік жүргізуші өкіметті мақтап-мадақтаумен ғана болған. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсайтын Кеңес заманындағы шығармалардың бәрінің болмыс-сипаты осындай. «Ленин, партия» бейнесінің монументалдығын, күрделілігін суреттеу үшін бір қазанға бәрін сала берген: симфониялық оркестр, үлкен хор, балалар хоры, үрлеме оркестр, халық аспаптары, бірнеше солист. Сондағы көздеген мақсат – тыңдарман қауымды орындаушылардың көптігімен таңқалдырып, мысын басып тастау. Көп жылдар бойы осы жанрға басқа көзқарастың жоқтығынан оған көп ешкім жақындауға жүрегі дауаламады. Бұл қатарда өз ерекшелігімен, жаңашылдықпен көзге түсетін Жоламан Тұрсынбаевтың үш кантатасын және осы жолдар авторының «Реквиемін» атай аламыз.
Хорға жазылған шығармалардың аздығы сонша, қазірде хор ұжымдары репертуар жаңартарлық ештеңе таба алмай мазасыздануда. Концертте музыканттардың қолына ұстағандары жұлым-жұлымы шыққан, сиясы оңып кеткен, бұдан 40-60 жыл бұрынғы қолжазба ноталар. Әйтеуір, олар мұның бәрін әлдеқашан жаттап алған. Дегенмен, кейде бір жарық сәуле де көрініп қалады, ол, мәселен, өскемендік композитор Светлана Апасованың шығармалары.
Камералық-аспаптық жанрға келсек, бұл жанрда көбінесе жастар және облыстарда тұратын авторлар еңбектеніп жүр. Түсінікті жағдай. Композитор өз шығармаларын қасындағы ұжымдар мен солистерге бейімдеп жазып, солардың орындауында тыңдайды. Көрерменіне туындысын тікелей ұсына алатын суретшілерден және оқырманымен тікелей байланыстағы әдебиетшілерден композитордың айырмасы бар. Ол тыңдарман екеуінің ортасында тұрған орындаушы музыкантқа тәуелді. Сондықтан да орындаушымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өте маңызды. Бұл реттегі жағымды үлгі ретінде Серікжан Әбдінұровтың бүкіл баян репертуарын жазып шыққанын атап көрсетуге болады.