ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ – ҚАЗАҚ

     Кейінгі кезде «Қазақтың жауы – қазақ» , «Қазақ бірін-бірі көре алмайды» т.б. осы іспеттес, астары тереңде жатқан сөздерді құлағымыз жиі еститін болды. Мейлі ол, дастархан басы болсын, көшедегі кысыр әңгіме болсын, әлеуметтік желіде болсын, қайсыбір қазақтың ісіне көңілі толмай қалса болды, кей замандастарымыз: «Қазақтың жауы – қазақ», «Қайтсін енді», «Қазақ болғасын осы да» деп қазақты жерден алып, жерге салады. Бір қазақтың қателігін тілге тиек етіп, бүткіл қазақтың атына күйе жағады. Осындай қазақтың алауыздығын тудыратын сөзді, басқа ұлттар емес, өзіміздің қаракөз қазағымыз айтады!.. Неге?!.

Біріншіден, қазақ – ол пенде! Пенде болғасын қателік жасау заңдылық. Адам – кемшіліктен тұрады! Пенденің пендешілігі қатар жүреді. Қанша қазақ болса, сонша мінез бар. Екі қазақтың мінездері келіспей, ойлары «туысқан» болмай, бір-біріне ренжіп, миға қонымсыз іс-әрекет жасаса, барлық қазақтың қарекеті осындай деп, буынсыз жерге пышақ сұғудың қажеті қанша?!.

«Қазақтың жауы қазақ» десе, оны қоштайтынымыз тағы бар! Намыстанбаймыз! Ал руға келгенде жанымыз шыға жаздайды. Намысшылмыз. Мысалыға, «Дулаттың жауы – Дулат, Қоңыраттың жауы – Қоңырат, Адайдың жауы – Адай» десек, ар жағы жер басқызып қоймауы, бергі жағы соттың алдынан бір-ақ шығаруы мүмкін. Ал, «Қазақтың жауы – қазақ» - деп, жүз қазақтың алдында айтсақ та, біреуі намыстанбайды!

Екіншіден, басқа ұлттарды алайық. Біздегі кикілжіңдер орыста болмай ма? Біздікінен де сорақысы сол орыстарда көп кездесіп жатады. Көзіміз көріп жүр. Бір-бірін аяқтан шалып, соттап, одан қалса, туған бауырлар бір-бірін өлтіріп жатыр. Қаншама бір-біріне қастандық, қатігездік танытып жатса да, «Русские – великий народ» деп бір-бірін ұлықтап жатады. Ал біз болсақ, тырнақтай нәрсеге қазақты бір-біріне жау қыламыз. Қазақ бір-бірін көре алмайды дейміз, пендешілік күндеу, қай ұлтта кездеспейді дейсіз. Күллі ұлтқа тән! Мысалыға, өзбек халқын алсақ, қаншама ұлт көріп жүрмін, дәл өзбектей бір-бірін көре алмайтын ұлтты көрмедім. Сонда да олардан «Өзбек бірін-бірі көре алмайды» деген сөз естімейсің. Бір-біріне кір жақпайды. Кемсітпейді.
Қырғыздар араздаспай ма? Америкалықтар ше? Корей халқын тіпті сөз қылмай-ақ та қояйын.

Қазақтың іштей іруіне қадам жасайтын, жігерін құм қылатын сөзді айтуды доғаратын кез келді, Ағайындар! Ойланайық!..


Бөлісу: