Қазақтың жалқаулығы сондай...

Мойындаңыздаршы, қазақ жалқау ғой расында. Бір тобырдан көрген қасиетті тұтас бір ұлтқа теліп қою менің стилім емес негізі. Бірақ өзім соған көз жеткізгендеймін. Қысқасы былай ғой, өткен сенбі-жексенбі Алматының ең бір көрікті жері – Табағанға бардық. (Ұжымымызға мұндай мүмкіндік жасап берген басшылыққа алғыс).

Иә, Табаған әдемі жер екен. Бара салып, көзім тоймай, ерекше бір әсерде болдым. Қасымда достарым, әріптестерім бар, өзім мынадай көрікті жерде – неге бақыт емес? Бақыттың дәл өзі! Жарар. Қалай қуанғанымыз, қалай тамсанғанымыз бөлек әңгіме. Бірақ мен өзім басым бұл жерге жұмыстан арнайы мүмкіндік бермегенде «бармайтын едім ғой» деген ойға келдім. Расында, ақшамыз тасып бара жатса да, мұндай көркем, әсер жердің барын да білмейтін мына мен бұл жерге келмейтін едім. Білуге, көруге асығатын қасиет тіпті де жоқ. Өзім атын анда-санда естіп қалғаным болмаса бұл жаққа бару туралы бірде бір рет ойланып көрмеппін. Сол, кәкір-шүкір шаруалар, пендешілік мұқтаждарымызды жасап алсақ болды, сонымен-ақ шаршап, таң атырып, күн батырып жүреміз.

Жарқын Түсіпбек ағам бірде «Сіздер де кір жуып, үй тазалайтын күнді демалыс деп атайсыздар ма?» деп еді өзінің фейсбуктегі парақшасында. Өзінің сөзі ме, білмедім, бірақ шынымен де солай ғой.  Пендеуй тірліктен ары аса алмайтынымыз неден осы? Көңіліміз сол ұсақ-түйекке тояттанып, амандығымызға шүкір айтатынымыз азшылық емес пе, қалай ойлайсыңдар?

Енді сол мысалдарды келтірейік...

Қазақтың жалқаулығы сондай, бизнес я шаруа бастау туралы ой болса «ой, кім сатып алады оны?» деп, қолын бір сілтейді.

Қазақтың жалқаулығы сондай, теледидардың пультін өз ала салмай, әлдекімді асханадан сол үшін шақырады.

Қазақтың жалқаулығы сондай, «спичканы» Ресейдің түкпіріндегі бір қаладан алғызады.

Қазақтың жалқаулығы сондай, ауруы асқынып, өлер алдында ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді.

Қазақтың жалқаулығы сондай...

Алып-қосарыңыз болса айта отырыңыз... 

Сурет авторы: Өмірбек



Бөлісу: