Қазақтың есті әні мен шетелдің есер әні
блог
«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп, қазақ халқының әдебиеті мен өнерін зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин айтқандай, қазақта әнсіз өмір жоқ. Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды. Қазақ халқы әнге бай. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген диуанилар, бақсылар, жыршылар, сал-серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, айт пен той-томалақ, түрлі ойын-сауық отырыстардың көркі болды. Ақын әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый-құрмет көрсеткен. Олардың аты аңыз әңгімеге айналып ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.Халқымыздың тарихында осы аңыздарды естіп өскен небір бұлбұл әншілер өмір сүріп, белгілі музыка аспаптарының сүйемелімен туған елінің өткендегісі мен бүгінгі тұрмысын жырлайтын, оның арман қиялын көрсететін тамаша эпопеялар, көрнекті туындылар жасады. Олар қашанда халықтың мақсат-мүддесінен жырлап онымен бірге жүріп,біте қайнасып өтті. Қазақ халқының музыка мұрасы да сондай озық ойлы, өнерпаз өкілдерінің қалдырған үлгі өнегесінің арқасында сақталып келді.
Эстрада да – өзінше бөлек дүние, өзінше жанр. Сондықтан ол бізге керек емес деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Бірақ, әр өнердің жақсысын алып, жаманынан жирену керек. Қазір қарап отырсаңыз, эстрада да іліп аларлық жақсы ән жоқ. Нағыз эстрада деп әлі күнге дейін өз бейнесін жоғалтпай келе жатқан Шәмшінің әндерін, «Дос-Мұқасан», Роза Рымбаева сияқты дүлдүлдердің орындауындағы әндерді айта аламыз. Ал, бүгінде шығып жүрген жеңіл әндеріміздің ғұмыры ұзақ емес. Бүгін бар да, ертең жоқ. Олардың тең жартысы шетелден ұрланған плагиаттар. Мысалы, Бейбіт Қорғанның «Шоқ қыздар» әні жастардың көңілінен шығып, хит болғанымен, қырғыз елінің әншісі Илиаздың өз тіліндегі әні болып шықты. Тіпті, арты соттасумен аяқталды. Өзге әншіден ұрланған әнді орындап, қай өнерімізді көтермекпіз, қай жыртығымызды жамамақпыз?
( Мектеп қабырғасында жазылған ойтолғау еді... 24.04.2010)