Қазақтың екі ауруы - суық тиген және көз тиген

Қазақтың екі ауруы - суық тиген және көз тиген
жеке
блог

Адам өмірі кейде қуаныштан, кейде мұң мен ауыртпалықтан тұратыны белгілі. ХХІ ғасыр технология мен әлеуметтік желілер заманында өмір сүріп жатқандықтан, әлеуметтік желіде белсенді адамдар ішкі мұңын ғана жеткізіп қоймай, кейде қуанышын да, өмірінде болып жатқан жақсылығымен де бөліскісі келеді. Бірақ сол жақсылықпен бөлісуді көбі құптамайтынын аңғарамын. Сол себепті кішкентай балаларының суреттерін салмайтын, өміріндегі қуанышты жаңалықтармен бөліспейтін адамдар бар. Интернет арқылы көз тию дегеннің қаншалықты рас екенін білмеймін, бірақ балалардың энергетикасы сәл әлсіз екенін естуім бар. Бірақ мұны есепке алсақ, әлемдік жұлдыздардың балалары тіпті өмір сүруге бейім емес, аурушаң болып шықпай ма?

Менің де өмірімде қуанышты жаңалықтар, көңіліме жағатын жағдайлар орын алып тұрады және мен оны көпшілік оқырманмен, құрбыларыммен бөлісуді жөн көремін. Бір жерден оқығаным бар еді, “қуанышың мен жақсы жаңалығыңды айтқан сайын сол ырысың екі есеге артады” деп. Мен “жақсыны көре алмайтындар бар” дегеннен гөрі, сол бірінші сөзге сенгім келеді. Өйткені, басқалар да қуанышымен бөліссе, соған ортақтасып, тек жақсы ниетімді білдіремін. Және сол ниетім өзіме он есе болып қайтатынына сенемін. 

Әрине, көз тию мен сөз тиюді мен жоққа шығармаймын. “Сақтансаң - сақтаймын” деген де құдайдың сөзі бар. Бірақ, дегенмен бұл әлемде бәрі бумеранг тәріздес қайта оралатынын ескерсек, сол жаман ниеті өздеріне дәл солай қайта келеді деп ойлаймын.

Әрқайсымыздың өміріміз тек бақыттан, тек қуаныштан тұрмайтыны анық. Бірақ жақыныңыздың өмірінде қуаныш орын алса - шын қуанып, мұңы болса - демеу білдіре алатын қасиеттерге ие болуға шақырамын. Қандай ниет білдірсеңіз, сол ниетіңіз өзіңізге қайтып келетінін ескеріңіз. Бұл бір үкім емес, дегенмен, осы оймен өмір сүру әлдеқайда жеңіл деп ойлаймын. 

Сол себепті әлеуметтік желілерде салған суреттеріме деген әрбір “Ұнатуды” бұл менімен бірге шын қуанып, менің бақытты болуыма шын көңілі деп білемін. Ал менен жасырып, қуанышын айтқысы келмейтіндерге көңілім керісінше суып қалатынын аңғарамын. Бәлкім, расында мені көре алмайтын адам санағаны ма, демек, ол адам да басқаның бақытына ортақтаса алмайтын адам болғаны ма деген жаман ойлар пайда болады. Өмірдегі барлық құбылыстарды жеңіл қабылдаған сайын өмір де жеңілдей түсетін сияқты.

Сондықтан бір-бірімізді көре алайықшы!Embarassed