Адам өміріндегі ең маңызды байлықтарының бірі ол - отбасы, махаббат, туған-туыс, бала-шаға және меніңше адам ғұмырында ойып орын алатын қазына ол - достық. Жалпы, бірі достыққа сенсе, бірі сенбейді екен. Достың түрі көп болады ғой. Бір күндік дос, әріптес дос, балалық шақтағы дос, ортақ дос және жақын, адал дос. "Достық" сөзі көптеген адамдар үшін әртүрлі мағынаға ие. Біреуі елу достарын шынайы дос деп атаса, екіншісі оларды саусақпен санаулы дейді, үшіншісі ол ешкімді өзінің досы деп атай алмайтынын айтады. Қалай болса да адам баласы біреуді мәжбүрлеу арқылы дос қыла алмайды. Себебі дос уақыт өте келе танылады. Ал қазақ халқы достыққа үлкен көңіл бөліп, мән-мағына берген.
Көшпенді халық үшін достық түсінігі кеңінен қалыптасқан. Оны біз көптеген мысалдардан көре аламыз. Соның бірі – Құдаласу. Халқымыз бұрындары өте сыйлы достық қатынастағы, бір-бірімен жақсы таныс-біліс адамдар «бізде ұл, сіздерде қыз бола қалса» деп, әйелдері бір мезгілде аяғы ауырлап, қатар құрсақ көтеріп жүрген болса, олар іштегі балаларын өскенде үйлендірейік деп алдын-ала сөз байласып, достық қатынасын туыстық қатынасқа жалғап, туыс-достай болып кеткен. Осындай ниетпен қазақтар тіпті туылмаған балаларын да атастыра берген. Осыдан олар бірімен-бірі «Бел құда», «Бесік құда» немесе «Құрсақ құда» болып саналады.
Бұрындары, көне замандардан бері қазақтар тек достар арасында ғана емес, ауыл-аймақ, ру-тайпалар, мемлекет арасында да достық байланыс болған. Бұл достықпен қатар шет-шекараның, қағанат, хандықтың көрші елдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттер арасында туыстық, меймандостық қатынас орнатуға тырысқан. Оның өзіндік мәні тым тереңде жатыр. Ондайда, «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген бойынша неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн көрсе, соғұрлым қан тазалығы мен дені сау ұрпақ өрбіту мақсатында осындай достық қалыптасқан. Онысымен қазақ халқының жеті атадан аспай қыз алмау дәстүрін дәріптеген.
Ендігі бір талқыланатын достық - ұлылардың достығы. Қайталанбас достардың достығы, енді қайталанбайтын достықтай. Себебі, өнерде де өмірде де достық қатынасты сақтай білгендер шамалы. Олардың бірі Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың достығы. Әдебиетте екі тұлғаның үндестігі "Қос бәйтерек достығы" атауымен қалған болатын.
Мәскеуде 1968 жылы жас ақындардың жиынында, сонда қырғыз ақыны Жолон Мамытов Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовты таныстырады. Осы күннен бастап екеуінің достығы үзілмеген.
Ақын мен жазушы бірігіп, "Ғасыр айрығындағы сырласу Құз басындағы аңшының зары" атты кітап, "Сократты еске алу түні" атты пьеса жазған болатын. Бұл туындылар әлемнің 12-13 тіліне аударылған.
Осы шығармаларының арқасында қос жазушының достығы әлемдік деңгейге қадам басты. Сонымен қатар екі дос Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың еңбектерінде достық тақырыбы да қозғалған болатын. Осылайша қос бауырлас халықтың достығы екі халықтың достығын дәріптейді.