Қазақтың биік шыңды ғұламасы

Қазақтың биік шыңды ғұламасы
жеке
блог

      Қазақтың биік шыңды ғұламасы, қайталанбас ұлт жанашыры, теңдесі жоқ ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтай жарық жұлдыз екеу болмас тарих көгінде. Иненің көзіндей тар әрі қысқа өмірінде Шоқан қазақ әдебиетіне, күллі түркі тарихына түбсіз мұхиттай терең зерттеулер мен ғылыми еңбектерін қалдырды. Шоқанның халық ауыз әдебиетінде, география ғылымында, жалпы тарих сахнасында алатын орны ерекше. Эпостық, батырлар жырларының үлгілерін мектеп табалдырығын аттар жасында − ақ атақты, ел алдында құрметті импровизатор ақын−жыраулардан ести отырып жазып алуы Шоқанның зеректігінің, еңбекқорлығының және әдебиетке деген сүйіспеншілігінің ерте оянғандығының айқын белгісі. Қазақ халқының фальклорын толыққанды зерттеушілердің алғашқысы , бірі әрі бірегейі Шоқан Уәлиханов екенін де ұмытпаған абзал. Оның ішінде аңыз−әңгімелер жас ғалымның еңбек жолындағы алғашқы зерттеулері. «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», қырғыздың «Манас», т.б. эпостар, жырлар дәуірден – дәуірге Шоқанның атын әлі талай шығаратын, болашақ ұрпаққа алтын мұра болып қала беретін баға жетпес қазына. Айта кетсек, Ұлы дала тарихында сонау баяғы заманнан бері келе жатқан, нағыз махаббат символына айналған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасының бүгінгі күнде барша кітапханалар сөрелерінен орын табуына, осы күнге дейін жетуінің өзіне де себепкер Шоқан атамыз, себебі осынау көлемді, сан−қилы эпосты алғаш қағаз бетіне түсірген де Шоқан еді. Бұл поэманы ғалымға алғаш рет өлең формасында айтып берген шешен тілді Жанақ ақын болатын. Ал поэманың тағы бір өзгешелеу нұсқасын Шөже ақыннан жазып алған. Біздің бүгінгі күнде қолымызға алып жүрген кітаптарда осы Шөже нұсқасы кең тараған. Қазіргі заманда махаббатты құнсыз кейіпке салумен «жүдеткен», адам баласына еш уақытта рухани да шынайы бақыт әкелмеген қолдың кірінен төмен бағалап «қартайтқан» жастарға сол кездегі құдіретті, нағыз, тұнық махаббат күшінің «салемін» жеткізуші жанды Шоқан Уәлиханов деп білемін. Қазақ елінің рухани түрде дамуы мен осы даму кезеңдеріндегі салт − дәстүр, әдет−ғұрып, тәлім−тәрбие, махаббат, достық , т.б. тақырыптардағы халықтың философиялық өмір қорытындылары , тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауыз әдебиетінде маңызды рөл атқаратын мақал – мәтелдерді, күрделі жұмбақтарды, онымен қоса, халқының наным – сенімін, шығу тегін, ділін, дінін түпкі тамырына дейін зерттеп, аса үлкен мән берген. Әдебиет әлемімен ғана шектеліп қоймай, ол өзінің өмірін география ғылымына, тек қазақ халқының ғана емес, Орта, Орталық Азия елдерінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, географиясын, тұрмыс−тіршілігін өмірінің қиын кезеңдерінде ауыр дертпен күрес үстінде қауіпті де ұзақ сапарлар жасай отырып, терең зерттеді. Шоқанның аса таң қалдырарлық дарынының, еңбекқорлығының және ізденушілік қасиетінің арқасында қазақтың тарихы мен әдебиеті тереңдігі, молдығы, байлығы жағынан да, рухани тазалығы мен болмысы жағынан да артып, қазіргі күнде бүкіл әлемді өзінің құдіреттілігімен, сан ғасырлық мол тарихымен, әсерлі әрі көрнекті жаратылысымен мойындатып, биік дәрежеге жетіп отыр. Бірақ Шоқандай алып тұлғаның да, мына үнсіз жатқан, терең сүңгіген сайын түбі тұңғиыққа жетелейтін «мұхиттың» да бізге әлі де берер, айтар сыры көп... Сол себепті, қазақтың әлі де зерттелмеген құпия сырларын ашу, оны одан әрі зерделеу, анықтау біздің, демек оттай алаулаған жас ұрпақтың қолында. Туған халқына өмірінің соңына дейін адал болған Алаш арландарының бірі, ақын Мағжан Бекенұлы Жұмабай атамыз:

«...Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар.

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін!» ,− демекші кеудемізде «Елім! Қазағым!» деп соққан жүрегіміз бен халқымызға деген ыстық патриоттық сезіміміз, болашаққа деген құштарлығымыз тұрғанда біз үшін ашылмайтын сыр, алынбайтын белес жоқ!