Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына бір тағзым
блог
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті еліміздегі ең алғашқы ашылған оқу орындарының бірі. Ашылған сәтінен бастап, қаншама талапкерді құшақ жая қарсы алып, білім нәрімен сусындатты және қоғам талабына сай маман болып шығуының тікелей себепшісі болды. Университет табалдырығынан, елімізге еңбегі сіңген көптеген оқытушылар, қоғам қайраткерлері және профессорлар білім алып шықты.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін студенттік кезеңнің ажырамас бөлігі – университетіміздің құрметті оқытушылары екені сөзсіз және оқытушыларымыздың осы жолда сарп еткен ерен еңбегі мен қажырлы қайратына еріксіз бас иеміз.
Университеттің жылдан-жылға көркейіп дамуының бірден-бір себепшісі, еңбекқор, өз ісінің майталмандары ұстаздарымыздың болса, келесі кезекте университет ішінде қарқынды түрде өткізілетін, үнемі білім алушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасайтын мәдени іс-шаралар екені сөзсіз. Осы орайда, филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасында, желтоқсан айының 25 күні Абай Құнанбаевқа 175 жыл толуына орай «Абайға 175 жыл» тақырыбы төңірегінде ашық сабақ болып өтті. Ашық сабақты «7M01704 - Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығының 103-ші топ магистранттары «Британ орталығымен» бірлесіп ұйымдастырды. Сабақ деңгейі барша магистранттардың тыңғылықты дайындығының себебінен өте жоғарғы дәрежеде аталып өтті. Ашық сабақ Абай Құнанбаевтың өмірбаянына қысқаша шолу жасау арқылы басталды және «Kahoot» ойынымен жалғасын тапты. Абай атамыздың Қара сөздерін оқудан жарысты, тобымыздағы магистранттар ағылшын, түрік, қытай және француз тілдерінде қара сөздерді оқып, полиглоттық шеберліктерін көрсетті. Магистранттар 1 семестр бойынша жинақтаған білімдерін ашық сабақта толығымен көрсете алды. Соның ішінде, Шет тілдерін оқытудың әдіснамасы сабағындағы өтілген тақырыптарға негізделген Reading және Listening және Speaking техникаларын пайдалана отырып, әртүрлі жаттығулар орындалды. Сабақ барысында топтағы барлық магистранттар бірлесе отырып, жұмыла ат салысты және әр білім алушы өзіне жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейге алып шықты. Қорытынды ретінде басқа топтардан келген магистранттар өз пікірлерін ортаға салды және ұсыныстарын қысқаша айтып өтті.
Кафедрамызда өткізілген осы іс- шара арқылы Абай атамыздың ұлылығына тағы бір мәрте куә болдық және сабағымызға қонақ болып келген әрбір жан осы тебіреністі сезіне алды деген үміттеміз.
Аталған тақырыпты ұсынуға және өткізуге септігін тигізген жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының оқытушыларына алғысымызды білдіреміз. Кафедрамызда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына байланысты өзге де іс- шаралар өтеді деген сенімдеміз.
Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы
Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының
1 курс магистранты Мешітбаева Н. И.