«Қазақтың әруағы кешсе, мен кештім...»
«Құнанбай» филімінен алған әсерім
Бүгін (23.05.2015) алып ұшып Абай мен Достық даңғылының бойындағы «Арман» кинотеатрына келдім. «Құнанбай» филімінің тұсаукесері.
Кино бастала салып, Шыңғыс өлкенің баурайы мен жазығына шолу жасап шықты да, Құнанбайдың келбетін көрсетті. Құнанбай рөлінде ойнаған Досхан Жолжақсынов ағамыз өзіне берілген тапсырманы өте жоғары деңгейде алып шыққан. Киноға кіріп кеткенім сонша арасында жылап та, жігерленіп те алдым. Ә дегенде жақсы қырымен басталып келе жатқан киноның басында жарты денесін жалаңаштаған (омырауын) қыз киіз үйдің ішінен шығып, байлаудағы түйенің жібін тісімен шешіп, алып кетеді. Бірден ойыма « мынау әлгі әлеуметтік желідегі «арсыз картина» атанып кеткен суреттерге ұқсас бейне» ғой дедім. Іштей «үй» деп те алдым. Бірақ, кино ары қарай оны ұмыттырып жіберді. Бәлкім ол салт әлде жазаның бірі түрі болар деп түйдім де қойдым. Жә, ары қарай...
Бір көзін сығырайтып алған Құнанбайымыз «Абай жолындағы» бізге таныс Қодар мен Қамқаның өлімін «тірідей» көрсетті. «Абай жолын» оқығанымда Құнанбайдың дәл сол әрекеті мен үшін ерсі көрініп, Абай биік тұрып еді. Бірақ, кино бізге таңсық, кітапта жазылған дүниенің арғы бетін ашып берді. Қодар мен Қамқаның өлімі Құнанбай үшін бір бүйрегін жұлып алғандай әсер қалдырды. Сол тұста Сүйіндіктің ауызына салып берген мына сөз жүректі тебірентіп жіберді: «Ішің мен де сыртыңмен де ойланып шешкен екенсің, «марқұм» деген бір ауыз сөзің үшін рахмет саған Құнанбай, мен енді саған сенем!». Бұл Қодар мен Қамқаның өлімінен кейін болған жағдай.
Киноның арасында шауып келе жатқан аттың дүбірін, аттың болмысын қалай берген ә. Камерамен жұмыс жасаған жігіттерге алғысым шексіз. Кино өз кезегінде сол «Абай жолы» бойынша өріліп кете береді. Зере әжеміз. Пай-пай!!! Қандай бейне, қандай аналық болмыс. Мен үшін «сұсты» болған Құнанбай шешесінің алдында бәрібір балалық келбетін сақтаған. Ұлжан анамыз да қалыс қалмайды. Тек образды беруде аздаған бір кемшіліктер болмаса, керемет. Абай ше? Абай бала әлі. Сөзі аз, тыңдауы көп.
Құнанбайдың нағыз бір ерлігі мен адалдығын, адамдығын көрсететін тұсы бар. Керей мен қаракесек арасында дау болып, ақыры Керейдің жігіті өлім құшып, билер болып дауды шеше алмай жатқанда, Құнанбайды алыстан шақыртады. Алыстан келген Құнанбайға Аягөз ауданынң сұлтаны Барақ қанға қан сұрайды. Бірақ, Құнанбай қанның орнына құн сұратып дауды шешіп береді. Осы жерде екі деталь бар: бірі, Барақтың Құнанбайға қараған көзқарас, кек пен қан толы көздің бейнесін көресіз және Құнанбайдың шешім қабылдауда маңдайынан аққан тердің етігіне тамып кеткен сәтін көріп іштейі қиналып кетесіз. Иә, сұлтан болу оңай емес.
Үстінен түскен арыздардың кесірінен Құнанбайды Омбыға алып кетеді. Сонда жүрегін қолын алып, ат үстінде шауып келген Зере әжеміздің аналық махаббаты киноның тағы бір діңгегін көтеріп тұрғандай болды. Түрмеге түскен Құнекең қайта –қайта жауап беруге барады. Ортадағы аудармашы қазақ та өзінің рөлін сондай сомдаған, бейне бір сол тұстағы «жалтақ қазақтың» бейнесін көрсеткен. Сіздерге жұмбақ болып қалсын, осы жерде рухты көтеріп тастайтын, сіз бен біз білетін Құнанбайдың екінші қырын көреміз.
Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Жауласып келген Барақ өзі Құнабайды босаттырып алады. Екеуінің арасындағы тағы бір ыстық құшақ, қапалақтап жауып тұрған қардың ызғарын ерітіп жібереді.
Шешесінің (Зере) басына Абайды ертіп келіп, дұға оқытады. Сондағы Абайдың сүрені оқуы адамның құйқа тамырын шымырлатып, иманыңды оятады.
Сонымен, залдан жылап та, рухтанып та шықтық. Қатты қынжылғаным, есіктен шығып жатқан жұрттың он шақтысы ғана жастар демесеңіз бәрі үлкендер қауымы.
Құрметті жастар, достар, көрермендер, қазақ елі! «Құнанбайды» көруге шақырамын. Алар әсер, рух, жігер, тағылым, бәрі-бәрі астасып жатыр. Марқұм Таласпбек Әсемқұловтың жазған сұлу сөздері Құнанбайды қайта тірілткен.
Егер сізге жігер керек болса, иманыңызды қайта оятқыңыз келсе, қазақтың даласын көргіңіз келсе, қазақтың болмысын, би-шешеннің, Абайдың қалай Абай болғанын, бабалар салған сүрлеудің қандай болғанын, кинотеатырдың есігінен кеуде қағып, «Мен Құнанбайдың» ұрпағы болғаныма мақтанамын дейтін, «қазақ болғаныма қуанамын» дейтін сезіммін шыққыңыз келсе «Құнанбайға келіңіз», көріңіз!
©Марғұлан АҚАН