Қазақтілді бағдарламалар рейтингісі қай дәрежеде?

Соңғы кезде қазақтілді бағдарламалардың бағыты да өзгеруде. Бүгінгі таңда көрермендерді қызықтыратын жобаларға көбінесе отандық жұлдыздардың тыныс-тіршілігі арқау болуда. Енді дәстүрлі әншілер де көрермендердің көзайымына айналуда. Мұның астарында рейтинг көтеру деген мәселе жатқаны белгілі.

 

«Орыстілді бағдарламалар мен қазақтілді бағдарламаларды салыстыру дұрыс емес. Себебі біздің көрермендер мүлдем басқа. Біздің жобамыз әжептәуір рейтинг  жинастырды. Себебі «Кеш жарық»  думанды жобасының басты ерекшелігі – эстрада әншілері мен дәстүрлі әншілердің бір-бірімен жарысатындығында. Өнер иелерінің қай-қайсысы да құрметке лайық. Мен осы қос өнерді біріктіргім келді. Бұл бағдарлама 3 ай ішінде Ұлттық арнамызда арнайы рейтинг  жинап үлгерді. 1-ші маусымның жеңімпаздары 7 IPad-ты иемденді», - дейді «Қазақстан» ұлттық телеарнасының продюсері Мақпал Қаратайқызы. Қазақтілді бағдарламалардың ішінде шоу-бизнеске арналған жобалардың  дені көрермендерін тұсап, тапжылтпай ұстауға бағытталып келеді. Қызықты, тартымды бағдарламалар қатары да көбейіп келеді.  

Айталық, «Кеш жарық» думанды  жобасының жаңа маусымында  шарттар да жаңаланбақ. Енді өзге саланың мамандары да бақ сынай алады. Олар өнер жұлдыздарының  әндерін өздері таңдап, сахна төрінде орындап шығады. Әділқазылар алқасы сахнада айтылған кәсіби әнші мен қарапайым жанның орындаған әндерін талдап, таразылайды.

«Қазақ бағдарламаларының рейтингісі орысша бағдарламалармен салыстырғанда, әрине, төмен. Мысалы, оларда 7-8 пайыз болса, бізде 2-3 пайыз. Пиплметрлер қазақтілді немесе орыстілді отбасылардың үйінде тұрғанын көрсетпейді ғой. Ал еліміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан, бұл түсінікті жағдай. Қазақ тіліндегі  бағдарламаларды аз көреді дегенге сенбеймін.  Бүгінгі таңда біздің көрермендер тек қана ресейлік бағдарламаларды ғана көреді екен. Орыс орысша бағдарлама көреді, неміс неміс бағдарламаларын таңдайды. «Қазақтілді бағдарламалар көп, ал рейтингтерде «0» деген санды көрсетіп тұрады. Қазақстанда бұл пиплметрдің қаншалықты жұмыс істейтіні белгісіз. Өзімнің бағдарламам күнделікті эксклюзивті сұхбаттар мен бейнебаяндарды көрсетіп тұрады», - деп тележүргізуші  әрі продюсер Асхат Садырбай өз пайымын білдірді.

«Жарайсың» ақпараттық-сазды  бағдарламасының эфирге шыққанына 2-3 айдың жүзі болыпты. Ал  «Еларна» телеарнасының продюсері Асхат Садырбайдың айтуы бойынша, биыл жыл соңына дейін арнайы жоспар бойынша көрермендерді көбірек тартуға мүмкіндіктер бар. «Бұл бағдарламаның ерекшелігі – жалған ақпарат-дақпырттан аулақпыз және кез келген деректі бұрмаламай шынайы береміз. Өз басым барлық қазақтілді бағдарламаларды қолдаймын және олардың күн сайын молайғанын қалаймын», - деп Асхат Садырбай өз ойын жеткізді.

 

https://1tv.kz/kk/news/culture/27032012/teledidar



Бөлісу: