"Қазақтар..."

"Қазақтар..."
жеке
блог

Осы басқа ұлттың өкілдері не істеп, қалай күн көріп жатыр өзі?.. Барлық жұмысты қазақтар істеп жатыр. Қайда барсам да алдымнан қазақ шығады.
Таңда тұрып, жұмысқа шыққанда жанармай бекетіне соғамын. - Сізге 92 ма? - деп қарсы алатын жігіт қазақ. Ақшасын төлеуге кассаға барсам онда да қасы көзі қиылған қазақ қызы. Кішісін балабақшаға, үлкен мектепке апарғанда немесе кеште аларда аула сыпырып жүрген, еден сүртіп жүргендер де қазақтар. Бағдаршамның жасыл түсі жанғанда ойланып тұрып қалсаң, сигналын бажылдатып боқтап кететін жүйкесі жұқарған жүргізуші де қазақ. Аялдамаға келіп тоқтаған автобустардың бәрінің шопыры қазақ.
- Алты норда, алты норда, алты норда жүреміз. Кеттік, кеттік, кеттік, - деп айқайлап тұрған ақша жинаушы да қазақ.
Абайсызда, кейде асығып келе жатып әдейі жол тәртібін бұзсаң: Вадител автмабиля номер а дебитсот дватсат восемь права прими", деп тоқтатып алатын жол полициясы қызметкері де қазақ. Номеріңді бастанабит ету үшін билайн сентрге барсаң, онда да кілең қазақ қыздары. Жарық пен жылудың ақшасын төлеуге банкке барсаң онда да қазақ жастары. Шаштараздардағы шаш алатындар да, әкімшіліктегі шаш ал десең, бас алатындар да қазақтар. Сухафруты сататын тәжіктер мен корейский салат сататын қысық көз қатындарды есептемегенде, көк базардың іші-сырты қазақтар. "Единица загырружыбаем, заггырружываем единица" деп күшеніп сөйлеп отырған қарындастар да қазақтар. Дибидидің дискысын сатып отырған да біздің бауырлар. Дәріханаға соғып дәрі алсаң, задчаңа еркіңнен тыс аскарбинка ұстатып жіберіп ухоженный тәтешкалар да қазақтар. "Қуаныш", "Шаттық", "Мереке", "Береке" деп кете беретін тойханалардың бәрінің иесі қазақтар. Ондағы аспаздан, даяшыға дейінгілердің бәрі қазақтар. Пары жақсы деп общый баняға барсаң, душтың суын тоқтатпай кетіп жүйкеңе тиетін, парда былқып терлеп, рахаттанып отыратын көкешкалар да қазақтар. Не керек, қайда барсаңыз да, қандай қызметті керек етсеңіз де қазақтар. Қазақстандағы ең соңғы пайда болған қызмет түрі - трезвый водитель. Сонда қызмет ететін дені дұрыс жүргізушілер тұтасымен қазақтар. Барахолкадағы өртеніп кеткен контейнерлердің бәрінің иелері қазақтар. Оны өшіріп жүрген пажарниктер де қазақтар. Оны арнайы тапсырмамен өртегендер де қазақтар. Өртеткендер де қазақтар. Түннің бір уағында біреумен жағаласып, патрульге түсіп қалсаңыз, тақ бір қауіпті қылмыскерді ұстап алғандай қолыңды қайырып, жаман нексиясына екі бүктеп тығып, робқа апаратын да қазақтар. Ол жерде біраз ұстап жібере салатындар да қазақтар. Оларға "біздің інішек еді ғой" деп жоғарғы жақтан ызбандайтын да қазақтар. Әкімшілік сотқа барсаңыз, сот емес мамаң құсап, "қызметтерің де тәуір екен, өздерің де әп-әдемі жігітсіңдер, бұларың не енді, ұят емес пе" деп ақыл айтып отыратын судья тәте де қазақ. 
Жерді сатып жатқан да қазақтар. Сол жерді 7 сотидан бөліп, алып жатқандар да қазақтар. Сол жеріне әдемілеп үйді салып жатқандар да қазақтар. Бай да қазақ, кедей де қазақ. Әл-фарабидің бойымен Геленвагенді аңыратып бара жатқан да, Алтын орда базары жақта 1989 жылғы волганы маңыратып бара жатқан да қазақ. Не керек, бәрі қазақ. 
Бүгін әлемнің мықтыларын сабап жатқандар да қазақтар. Басқа ұлттар қайда жүр? Олар сонда подвалда тығылып өмір сүріп жатыр ма? 
Осыған қарап Қазақстандағы қазақтардың көз мөлшерлі санағын жасауға болады... Біз көппіз. 
P.S.
Бізде екі санақтың қорытынды нәтижесі ауысып кеткен сияқты. 
Ресми мәлімет сайлауда билікке дауыс бергендер 91 пайызды құрады дейді. Ал қазақстандағы қазақтар 65 пайыз дейді. әй осы екі сан керісінше шығар. Билекке халықтың 65 пайызы дауыс беріп, қазақстандағы қазақтардың саны 91 пайызды құраған шығар. 
Білмеймін, маған солай көрінеді. Сенбесеңіз жан-жағыңызға қараңыз. Қаланың өзінде осылай. Ал, ауыл тұтасымен қазақ емес пе. Қазақтар мәңгі жасасын.

Бейбіт Сарыбайдың фейсбуктегі жеке парақшасынан