Қазақта проза орта ғасырларда-ақ болған
блог
Қазан революциясына дейін қазақта дым да болған жоқ деген әдебиет тарихына кереғар түсінік бар еді. Бұл өтірік Абайдың заманынан бері кеңес өкіметінің құлауына дейін, тіпті тәуелсіздік жылдарына дейін сақталып келді. Бірақ ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі заманда мұны айтқысы келген, газет-журнал бетіне бастырып шығарған әдибиеттанушы, тарихшы ғалымдар болған. Бірақ бұл тақырыпқа кеңінен көсіліп, ашық айтудың қиындығы өз алдына бір мәселе.
Айтқалы отырғаным, Рабғұзидің 2001 жылы ғана қазақ тіліне аударылған "Қисса-сүл-Әнбий-я" жинағындағы қазаққа тиесілі, түркі халықтары әдебиетімен ортақ мұрамыз. Бұл мәселе екі түрлі аспектіде қаралуы тиіс.
- Ортақ әдебиет деген түсінік
- Ортақ әдебиет еуропалық жанрлар формасына тән бе?
Зинол-Ғабден Бисенғали, Филология ғылымының докторы, профессор: - Бұл мәселе көп айтылып келе жатыр. Қазақ әдебиеті бірде Орхон-Енисейден басталады деді, одан кейін тіпті әрмен қарай біздің дәуірімізге дейінгі VІ ғасырдан басталады делінді. Оған «Диуани лұғат ат-түрікте» жолығатын әдебиет үзінділерін, Шу батыр туралы дастанды, Ергенеконды қосады. Ол кезде өзбек, қазақ деген жоқ. Осы аймақтарда тұратын этникалық топтың мұрасын ортақ әдебиетке жатқызамыз. Осының барлығын айта келе біз кейінгі Абайдың да оқығанын, Біржан мен Сараның айтысында кездесетіндіктен Сараның да сол ортақ әдебиетті оқығанын біліп отырмыз. Халық прозасы негізінде жазылған "Қисса-сүл-Әнбий-я" жинағында діни, мистикалық шығармалардың, ауыз әдебиетінің алуан түрлі жыр-дастандары бар. Жалпы, халық прозасы деген терминнің өзі орыс әдебиетінде 1960-шы жылдарда шыға бастады. |
Бізге де кейін келіп, оның теориясын жасап, Сейіт Қасқабасов «Қазақтың халық прозасы» деген үлкен еңбек жазып шықты.
Айтайын деп отырғаным, Р.Уэллек пен О.Уоррен деген америкалық жазушылардың 1958 жыл жарық көрген, ал бізге 1978 жылы аударылып келген «Әдебиет теориясы» деген кітабында олардың жазба әдебиет пен халықтың әдебиет жайлы қызықты ойлары бар. Олардың ортасындағы айырма соншалықты айтарлықтай емес делінеді сол еңбекте. Оқып та, естіп те керемет әсер алуға болады, сол Бейімбетке оралсақ «Шұғаның белгісін» біреуден естіген әңгіме арқылы жазғанын білеміз ғой. |
Зинол ағаның айтып отырғаны Сейіт Қасқабасовтың Мәскеу мемлекеттік университетінде қорғаған «Қазақ халық прозасының жанрлары» диссертациясы. Онда Сейіт Қасқабасов ХХ ғасыр басында, кейінде жазылған прозалық шығармалардың шығу тегі – ел арасында жүретін әңгімесі болып отыр дейді. Сайып келгенде, біз айтып өткен ортақ әдебиеттегі («Қисса-сүл-Әнбий-я") көптеген қисса-дастандардың оқиғалар желісі мен құрылымын жанрлар типологиясы бағытында қарастырсақ, проза жанрларының (роман, әңгіме, новелла, естелік, эссе) бірқатарына сәйкес келетінін анықтаймыз. Оның қағазға түсуі мен түспеуінің екі жағы бар: біріншісі, аңыз-оқиғалардың шын өтірігін растайтын дәлел жоқ, нақты түпнұсқа өзгереді (яғни әр айтушы немесе жеткізуші өз қиял-өресіне, танымына байланысты өзгертіп, құбылтып отырады), ал екіншісі шығарма айтқыш, абыздардың өре көкжиегіне сәйкес жаңарып, түзеліп, сапалы бола түседі.
Құныпия Алпысбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор: Р.Уэллек пен О.Уоррен «нормалар жүйесін» тереңдеп анықтап бере алмаса да және «жалпы негіздерді» таппаса да, әдебиет тарихының құрылымын анықтауда дұрыс бағытты ХХ ғасырдың 30-жылдарында-ақ көрсетіп бере алды. |
Енді бұл кісінің халық прозасын дәуірлеудегі қызықты жобасын келтіре кетейін.
І. Арғы заман әдебиеті немесе ескі заман әдебиеті (б.з.д.). Бұл дәуір іштей былайша жүйеленбек: 1) «Авеста» және сақтар дәуірінің әдеби нұсқалары; 2) Ғұн дәуірінің әдебиеті.
ІІ. Бергі заман әдебиеті немесе жаңа заман әдебиеті (б.э. І ғасырынан ХІҮ ғасырына дейін). Бұл дәуірді іштей былайша жіктеген жөн: 1) Үйсін-қаңлы дәуірі әдебиеті; 2) Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиет; 3) Түркі тектес халықтар қағанаты (түркеш, қарлұқ, қарахан, ұйғыр, т.б.) дәуіріндегі әдебиет; 4) Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет.
Сонымен, қазақта жазбаша әдебиет қай ғасырда болған деген сұрақтың түнегіне шама ала түсетін филологтар болса осы тақырыпты ұсынамын.